$ 494.87  520.65  4.91

«Қош бол деуге қимаймыз»: өнер жұлдыздары марқұм Құрманай Бақтиярқызын еске алды

Сен де кеттің бе?

Фото: instagram.com/kurmanai_bakhtiarkyzy
Фото: instagram.com/kurmanai_bakhtiarkyzy

Кеше белгілі сазгер, ақын Құрманай Бақтяирқызы өмірден өтті. Өнер иесімен жақын араласқан отандық жұлдыздар желіде әсерлі жазба жариялап, марқұмды еске алуда, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Әнші Жазира Байырбекова Instagram-дағы парақшасында Құрманай Бақтиярқызына жазба арнап, оның отбасына қайғыра көңіл айтты.

"Ешкімге ұқсамайтын, ерекше жан, қылықты, талантты, кішіпейіл, көңілі тап-таза болған қарлығашым-ау! Сен де кеттің бе? Құрманайдың ата-анасына, ұл-қыздарына қайғыра көңіл айтамын. Жаның жәннатта болсын", - деп жазды ол.

Алтынай Жорабаева бұл қаралы хабарды өз туған күнінде естіген.

"Құрманайымыз Раббысына қайтты. Алла алдынан жарылқасын. Жаның жәннатта болсын, Жанысымның Анасы. Туған күнімде осындай суыт хабар естіп, мең-зең болып қалдым. Құрмаш екеуіміздің What’s App-та соңғы сөйлескеніміз екен. Аминаға өлең арнап, 16-қарашаға жеке шығармашылық кешін жоспарлап, қайтадан жасамайтыны жайында осылай сөйлесіппіз. Бақұл бол. Әрқашан жүрегіміздесің, жарқыраған жарық жұлдызымыз. Аллам, Құрманай Бахтиярқызының біліп-білмей жасаған қате, күнә, кемшіліктерін кешіре гөр", - деп жазды өнер иесі.

Айгүл Иманбаева да бұл қаралы хабар өзіне аса ауыр тигенін жасырмады.

"Бүгін суық хабарды естіп, есеңгіреп қалдым. Жаны жайсаң, жүрегі таза Құрмашым. Жаның жәннатта, иманың жолдас болсын, жаным", - деп жазды актриса. Мөлдір Әуелбекова да желіде әсерлі жазба жариялап, өнердегі әпкесімен қоштасты. "Әпке, қош бол! Махаббат символына айналған "Бірге жанымыз", әрбір баланың бесік жырына айналған "Балапаным" сыңды әндердің мәтіні сіздің кең жүрегіңізден шыққан еді. Осы әнімде де "халқым" деп, тілегіңізді тілеп кеттіңіз ғой. Алла сізді панасына алсын", - деп жазды әнші.

Мақпал Жүнісова марқұммен бір ай бұрын болған кездесуін еске алып, оған деген асқан қимастығын жеткізді.

"Осыдан бір ай бұрын Алматыда тойда осылай жолығып қалған еді. Бұл жалған дүниеде бәріміз қонақпыз, бүгін бар да, ертең жоқпыз деген осы екен. Аңқылдаған ақжарқын Құрманайжан қош бол деуге қимасам да, амал қанша. Артыңда қалған ата-анаңа, ұл-қыздарыңа қайғырып көңіл айтамыз. Иманың саламат болсын, Алла панасына алсын. Құрманай Бақтиярқызының Шымкентте өткен концертінен видео келіп, жылап отырмын. Адам ретінде де, ақындығың да санамда да, жүрегімде де сақтаулы. Дауысың да өлең оқығанда жанды тербеуші еді. Ертең өзіңмен қоштасуға барамын", - деп жазды эстрада жұлдызы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары