$ 495.2  522.34  4.94

Өзімнен жеті жас үлкен әйелге ғашық болдым – Нұрлан Әлімжан

Ол кезде "Ауырмайды жүрек" әні хит боп жатты.

Фото: neonomad.kz
Фото: neonomad.kz

Қайрат Нұртастың репертуарындағы "Ол сен емес" әні жастардың сүйікті әуеніне айналды. Бұл әнге қосыла алмаған қос ғашықтың баянсыз махаббаты арқау болған. Талай жүректі жаулаған хитті жазған – белгілі әнші, актер әрі сазгер Нұрлан Әлімжан. Автор осы уақытқа дейін еш жерде айтпаған сырын ақтарды, деп Skifnews.kz ақпарат порталы Nur.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

 "Ол сен емес, ол сен емес. Сүйенішім болған әркез. Ол сен емес, ол сен емес, Қанат болған маған әркез..." Бұл әуенді тыңдаған тыңдарман да, автор да бірден ерекше ностальгияға бөленеді. Нұрлан Әлімжанның айтуынша, "Ол сен емес" әні 2005 жылы жазылған. Ол кезде жас сазгер студент еді. Ал аталмыш туындының басты кейіпкері – актер жігіттің бұрынғы ғашығы екен.

 "19 жастағы баламын. Сол жылдары өзімнен жеті жас үлкен өнердегі жанмен махаббат сезімі болды. Ажырасқан әйел, бір баласы бар еді. Ол маған ғашық, мен де оған ғашықпын. Оның аты-жөнін айта алмаймын, өйткені гүр ете қалады, артық әңгіме кетеді. Өте танымал адам, оны бәрі таниды. Бір жылдай сол әйелмен жүрдім. 19 жастағы баламын, сол сезім ғой. Қатты басым айналып, ұшып жүрдім. Алматының Алатауына барып айғайлап, шулатып жүрген кездер ғой", – деп бастады әңгімесін Нұрлан Әлімжан.

Кеудесінде махаббат оты лаулаған өнерпаз жігіт әлгі ғашығына ән арнағысы келеді.

"Ол кезде Алматыдағы "Мамыр" шағынауданынан Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрына автобуспен келе жатқанмын, көлік жоқ. Ешқандай музыкалық аспапсыз, сол қоғамдық көлікте ән туды. "Ол сен емес, ол сен емес, көзімнен ұғар менен тез. Ол сен емес, ол сен емес, кешір жаным, мені кеш" деп өлең мен әуен ойыма келді. Сол автобуста әдемі қыздар тұрды. Біреуінің көзіне, біреуінің сөзіне қараймын. Сосын бір мезетте "Ой, қойыңдаршы, сендер бәрібір өзімнен жеті жас үлкен ғашығыма жетпейсіңдер" деген оймен жазылды. Ол кезде Nokia деген ұялы телефоным бар еді, соның диктофонына жазып алдым. Жалпы, ән деген құйылып келеді. Бір жерден ұрлап, ұйқастырып, ұйқас қумаймын. Кейде көлікте, кейде ұйықтап жатқанда әуен келе қалады, тіпті кейде түсімде көремін. Нотаға түсірмеймін", – дейді композитор.

Нұрлан Әлімжан қандай арумен көңіл жарастырса да, жастайынан жеке өміріндегі жаңалығын әуелі ата-анасымен бөліседі екен. Бұл жолы өзінен жеті жас үлкен, баласы бар келіншекке ғашық екенін айтқан сәтте әкесі бірден қарсылық танытқан.

"Балам, бұлай болмайды. Өмір көр, кейін уақыт өте келе өзіңнің жарың табылады. Қой, мына махаббатың сені жақсылыққа апармайды. Батамды бере алмаймын, өмір сүріп алсаңшы, сен әлі кішкентай баласың" деді әкем. Содан кейін мен де келістім. Өйткені әкем бата бермесе көп нәрсеге бара бермеймін. Әлі күнге дейін сондаймын. Әкеммен де, анаммен де ақылдасамын. Ата-ананың разылығын алу керек, ол дінде де айтылған. Әйтпесе жұмаққа кірмейсің ғой. Бірақ "Ол сен емес" әні әлгі өзімнен жас жас үлкен ғашығыммен қоштасу әні еді", - дейді актер.

 Бұл әнді Нұрлан Әлімжан о баста лирикалық бағытта жазса, кейін Қайрат Нұртас көңілді ырғақта жарыққа шығарған.

"Қайраттың анасы Гүлзира Айдарбекова бір күні хабарласты. Ол кезде "Ауырмайды жүрек" әні хит боп жатты. "Нұрлан, осы әнінен кейін деңгейін түсірмейтіндей Қайратқа ән керек. Өзіңнің бір әніңді берші" деді. Сосын кездестік, көліктің ішінде осы әнді гитарамен орындап бердім. "Не деген керемет ән" деді Гүлзира ханым. Сөйтіп ән мен сөзін беріп, Қайрат Нұртасқа сыйлап кеттім. Бұл әнді сатқан жоқпын. Мен негізі әндерімді сатпаймын, саудаға салмаймын. Әндерімді көбінесе сыйға тартатмын, соған өзім рақаттанамын. Ән жазу – менің хоббиім", - дейді сазгер.

Нұрлан Әлімжан "Ол сен емес" хитінен кейін Қайрат Нұртасқа "Қайта оралшы" атты бір тағы туындысын сыйға тартқан. Сазгердің айтуынша, әлі жарыққа шықпаған 250-ге жуық әні бар екен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 100
Ұнамайды 12
Күлкілі 9
Ашулы 6

Серіктес жаңалықтары