Ал енді оның жеке өмірін шығармашылығымен араластыруға бола ма?
Абайтнаушы, философ Омар Жәлел қоғамда болып жатқан оқиғаларға қатысты ойын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Тұрсынбек – ел алдында жүрген, көптің ықыласына бөленген азамат. Оның өнеріне уақыттың өзі баға береді. Елді күлдіру – үлкен өнер. Ал халық ақымақ емес: Тұрсынбектің концерттеріне барып, күліп, рақаттанады. Бірақ шын мәнінде, олар өз өміріне күледі. Өздерінің күлкілі, кейде аянышты тұстарын сахнадан көріп, өз бейнесін танып, соған күледі.
Тұрсынбектің әзілдері — өмірден алынған. Ол ештеңені аспаннан алмайды. Тәуелсіздігін тек заң жүзінде алған, ал рухани тұрғыда әлі отарсызданбаған халықтың күлкілі де, мұңды да болмысын ол шынайы көрсете білді.
Біз Тұрсынбектен қоғамнан биік тұлға күтпеуіміз керек. Халық қандай болса, оның өкілі де сондай. Ол — көптің айнасы.
Ал енді оның жеке өмірін шығармашылығымен араластыруға бола ма?
Өнер мен адамның тұрмысы — екі бөлек дүние. Мәселен, Бернияз Күлеев ғашықтықтан өмірімен қош айтысты, бірақ Мағжан Жұмабаев: «Бернияздың өмірі емес, өлеңдері үлгі» деген. Әміре Қашаубаев туралы да Жүсіпбек Аймауытов оның мінезін жазғанмен, әнін жоққа шығармаған. Өнер — адамның жеке өмірінен жоғары.
Қазақта: «Биік тауды көр, етегіне барма; жақсыны көр, үйіне барма» деген сөз бар. Бұл — даналық. Тауды алыстан сүйсініп қара. Егер етегіне барсаң, көңілің қалуы мүмкін. Сол секілді, жақсыны алыстан құрметтеген дұрыс.
Біз қазір Тұрсынбектің өнеріне емес, жеке өміріне үңіліп, көрпесінің астына кіріп кеттік. Мөлдірге шын жаның ашып отырған жоқ, тек өсек пен нәпсіміздің «дәмін» татып жатырмыз. Бұл — рухани әлсіздіктің көрінісі.
Бірақ бәрі өтеді. Бұдан да қоғам жалығады.
Уақыт келе адамдар шын рухани азық іздей бастайды. Біреудің өмірін емес, өз өмірін түзеуге ұмтылатын кез туады. Сол кезде ғана біз өсеміз, тазарамыз.
«Таң атпайын десе де, күн қоймайды» дегендей, бұл өзгеріс те сөзсіз келеді.
Ал әзірге, Тұрсынбекке тас атпас бұрын, өзімізге айна ұстайық.