$ 505.53  593.44  6.34

Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов 89 жасқа толды (ВИДЕО)

Ол – Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері.

Фото: kz.kursiv.media
Фото: kz.kursiv.media

Бүгін Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші Нұрғали Нүсіпжанов 89 жасқа толды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Нұрғали Нүсіпжанов 1937 жылы Талдықорған облысының Гвардия ауданындағы Күреңбелдің (Алтынемел) жанындағы Доланалы ауылында туған. Ол – Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері.

Өнер иесі он тоғыз жасқа толғанда ән өнерін кәсіби деңгейде меңгеруді мақсат тұтты. Осы ниетпен ол 1956 жылы музыка өнерінің қара шаңырағы — Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға қабылданды. Консерватория қабырғасында Қазақстанның халық әртісі Надежда Николаевна Самышинаның сыныбында жеті жыл білім алды.

Кейін Нұрғали Нүсіпжанов Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрына қызметке жолданды. Осы кезеңде ол еліміздің бірқатар өңірінде концерттер беріп, екі жылға жуық уақыт сахнада өнер көрсетті. Кейін қызмет жолы оны Қазақ телевизиясы мен радио хабарларын тарататын мемлекеттік комитетке алып келді. Бұл мекемеде ол музыкалық хабарлар редакторынан бастап, редакция меңгерушісіне дейінгі қызмет сатыларынан өтті. Аталған ұжымда 1966-1976 жылдар аралығында он жыл еңбек етті.

1976 жыл Нұрғали Нүсіпжановтың шығармашылық жолында тың белес ашты. Ол Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестріне жетекші әнші ретінде қабылданып, бұл ұжымда жиырма жылға жуық еңбек етті. Дәл осы кезеңде әншінің өнері кемеліне келіп, шығармашылық шыңы қалыптасты. Көрермендер оны кең диапазонды, қоңыр даусымен және жоғары орындаушылық мәдениетімен ерекше бағалады.

Қазақ музыка өнерінің көрнекті өкілі, халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиев Нұрғали Нүсіпжановқа арнайы жиырмадан астам ән жазды. Солардың қатарында «Саржайлау», «Ақ құсым», «Балдызым», «Куә бол», «Әкеме», «Әжеме», «Жетісуым», «Қапшағай» секілді елге кең тараған шығармалар бар. Бұдан бөлек, Марат Маңғытаев, Әсет Бейсеуов, Қапан Қуатбаев, Тұрсынбек Базарбаев сынды композиторлардың көптеген эстрадалық әндерін тыңдарманға ұсынды.

Құрманғазы оркестріндегі қызметін аяқтаған соң, Нұрғали Нүсіпжанов «Қазақконцерт» бірлестігі жанынан «Жазира» атты аспаптық ансамбль ұйымдастырды. Бұл ұжыммен республика аймақтарын түгел аралап, шалғай елді мекендерде де концерттер өткізді. Ансамбль шетел сахналарында да өнер көрсетіп, Алжирде өткен ресми қабылдау барысында Құрмет мақтау қағазымен марапатталды.

Нұрғали Нүсіпжанов қазақ ән өнерін тек елімізде ғана емес, халықаралық деңгейде танытқан санаулы өнер иелерінің қатарында. Ол Швеция, Финляндия, Моңғолия, Ауғанстан, Йемен, Ангола, Кипр, Португалия, Сирия, Грекия, Югославия, Алжир, Германия, Түркия, Польша, Қытай және өзге де көптеген мемлекеттерде гастрольдік сапармен болып, ұлттық орындаушылық өнердің биік үлгісін көрсетті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 48
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулы 1

Серіктес жаңалықтары