Заңгер Instagram парақшасында ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы жазды.
Адвокат Дильназ Мұхамедова танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың жары Айманға қатысты әлеуметтік желілерде тараған тіл тигізу мен жалған ақпараттарға байланысты бірқатар істің сотта қаралып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Заңгер Instagram парақшасында ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы жазды.
«Сот тәртібімен ар-намыс пен қадір-қасиетті, іскерлік беделді қорғау бойынша құқықтық көмек көрсетіп жатырмыз», – деп жазды адвокат.
Оның мәліметінше, қазіргі таңда бұл бағытта барлығы 11 іс тіркелген. Соның ішінде бірқатары бойынша сот шешімі шығып үлгерген.
«Бүгінгі күнге дейін үш іс оң нәтижемен аяқталды, үш адам Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 434-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деді ол.
Сонымен қатар азаматтық істер бойынша да моральдық өтемақы өндірілгені белгілі болды. Қалған істер әлі де қаралу үстінде.
«Қазіргі уақытта тағы бес іс сот қарау сатысында тұр. Әкімшілік және азаматтық өндіріс қатар жүріп жатыр», – деп нақтылады заңгер.
Адвокаттың айтуынша, анонимді немесе жалған аккаунт арқылы жазылған пікірлер де жауапсыз қалмайды. Сот сұраулары арқылы автордың жеке басын анықтауға болады. Осыған байланысты әлеуметтік желі қолданушылары жалған ақпарат тарату мен қорлау заң алдында жауапкершілікке әкелетінін естен шығармауы тиіс.