24.02.2026, 10:20

«Өкінетін дүние көп»: Жүрсін Ерман ішіндегісін ақтарып, сұхбат берді

Фото: aqshamnews.kz

Дегенмен, барлығын тағдырдың сынағы деп қабылдайтынын жеткізді.

Биыл ақын, журналист, айтыс өнерінің жанашыры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман 75 жасқа толды. Жарты ғасырдан астам уақытын қазақтың сөз өнеріне арнаған тұлға айтыстың қайта жаңғыруына сүбелі үлес қосты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Осы орайда Жүрсін Ерман AIQYN-ға сұхбат берді. Сұхбат алушының өміріңізге қандай баға бересіз деген сауалына ақын әдеттегідей жыр жолдарымен үн қатты. 

"Аузынан түспейтін темекісі, Мен екенмін бүгінгі көне кісі. Бір жанмын басқалардан бөлек ісі, Туған күнім ақпанның 12-сі…", - деді ол.  

Одан әрі ол өткен өміріне көз жүгіртіп, кей сәттерге өкініші бар екенін жасырмады. Дегенмен, барлығын тағдырдың сынағы деп қабылдайтынын жеткізді.

"Артыма қарасам, «әттеген-ай» дегізетін тұстар аз емес. Бірақ пайғамбардың «Өткен іске өкінбе» деген хадисі бар. Сол себепті бәріне үмітпен қарауға тырысамын. Қолымнан келгенше халқымның рухани дүниесіне қызмет еттім. Соған еш өкінбеймін. Бір адамның ғұмырына жетер қуаныш пен қиындықты қатар көріп келемін", – деді Жүрсін Ерман.