"Қай қалада тұратыныңыз маңызды емес".
Танымал әнші Төреғали Төреәлі ел арасынан жас талантты іздеп, оны эстрада сахнасына шығарып, дуэт орындауға ниетті екенін жариялады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы әнші өз әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды:
«Құрметті достар! Көңілімде көптен бері жүрген бір ой бар. Мен еліміздің жас әрі талантты әншілерінің бірімен дуэт айтқым келеді. Қай қалада тұратыныңыз маңызды емес. Ең бастысы — таза дауыс, шынайы ниет және өнерге деген махаббат. Егер менімен дуэт айтқыңыз келсе, сізге осындай мүмкіндік бар. Біз бірге жаңа ән жазып, бейнебаян түсіретін боламыз. Ұшақ билеті, тұру және түсірілім шығындарын мен өз мойныма аламын. Сізден тек жүректен шыққан әдемі ән керек», – деп жазды Төреғали Төреәлі.
Сонымен қатар, әнші композиторларға да үндеу жасады:
«Егер сіздерде жақсы әндер немесе әуендер болса, өз ұсыныстарыңызды жіберіңіздер. Келіңіздер, бірге халықтың рухын көтеретін, жүректерге жететін, елге сүйікті болатын жаңа ән жасайық. Сіздерді өнер жолында бірге кездескенше күтемін!»