Продюсер мұндай пікірмен келіспей, Канье Уэстің концертіндегі қойылымға ғана баға бергенін түсіндірді.
Танымал продюсер Баян Мақсатқызы америкалық рэпер Канье Уэстің Алматыдағы концертінен кейін туындаған дауға қатысты пікір білдірді. Ол Threads желісінде оқырмандармен пікірталасқа түсіп, отандық және шетелдік өнерпаздарға қойылатын талаптардың айырмашылығын тағы да көтерді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бұған дейін продюсер 19 мамырда КЕШ YOU тобының Орталық стадионда өткен концертінде қауіпсіздік талаптарына байланысты отшашуға рұқсат берілмегенін айтқан. Ал Канье Уэстің Алматыдағы шоуында пиротехника қолданылғанын алға тартып, екі тарапқа қойылатын талаптың бірдей еместігін сынға алған.
Бұл пікір әлеуметтік желіде қызу талқыланып, кей қолданушылар Баян Мақсатқызы өзін әлемдік жұлдызбен салыстырды деп қабылдаған. Продюсер мұндай пікірмен келіспей, Канье Уэстің концертіндегі қойылымға ғана баға бергенін түсіндірді.
Пікірталас барысында Баян Мақсатқызы рэпердің бұрынғы даулы әрекеттерін де еске алып, оны жақтайтындарға қарсы ойын білдірді. Кейбір қолданушылар продюсердің қарсы пікір айтқандарға дөрекі жауап бергенін сынға алды.
Артынша Баян Мақсатқызы желідегі даудан шаршағанын айтып, алдағы жоспарымен бөлісті. Ол отандық әртістердің екінші концертін Астанада өткізетінін мәлімдеді.
«Болды, дауласудан шаршадым. Канье керемет, ол жүрген жоқ, ұшты! Бізге отшашу қажет емес, біз “екінші сортпыз”. Лентаға қарасам, көпшілік осылай шешкен. Францияда біраз демалып, “екінші сортты” әртістерімнің екінші концертін ұйымдастыруға кірісемін. Әрине, отшашусыз. Астанада күтемін. Билеттер әлдеқайда арзан болады. Кәсібилігімізге күмәнданатындар келмей-ақ қойсын. Өз әртістеріңізді таптай беріңіздер», – деп жазды Баян Мақсатқызы.
Желі қолданушыларының бір бөлігі продюсердің отандық өнерпаздарға қойылатын талаптардың тең болуын көтергенін қолдаса, енді бірі оның пікірталас кезіндегі сөздерін сынға алды.