$ 456.88  534.64  5.47

«Ұйғыр болсам да, туған тілімді білмеймін»: Әртіс Асылбек Боранбаевтың әйелі құпиясын бөлісті (ВИДЕО)

Анам — қазақ, ал әкемнің тегі аралас.

Танымал актер Асылбек Боранбаевтың жұбайы Гүзел Ушурова өзінің білім жолы, кәсіби біліктілігі мен отбасылық тәрбиесі туралы айтып берді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің кандидаты атанған ол мемлекеттік тілді еркін меңгеруінің сырын бөлісті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Бұл туралы Гүзел Ушурова Hit TV арнасына берген сұқбатында айтты.

Гүзел Ушурова өзінің білім беру саласындағы еңбек жолына тоқталып, қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша ғылыми дәрежеге ие болғанын айтты.

«Мен өзім қазақ мектебін бітіргенмін. Анам — қазақ, ал әкемнің тегі аралас. Сондай-ақ мен — қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін. Қазақ әдебиеті бойынша кандидаттық диссертация қорғағанмын, филология ғылымдарының кандидатымын. Иә, кейде кейбір қазақтардың өзіне қазақша үйретіп жіберетінім бар (күлді)», — деді Гүзел Ушурова.

Сондай-ақ ол бойындағы тілдік ортаның қалыптасуы мен ана тілін білу деңгейіне қатысты пікірін білдірді.

«Тіпті ұлтым басқа болса да, айналам мен ортам тек қазақтардан тұрғандықтан, мен қазақ тілінен басқа тілді білмеймін десем де болады. Ұйғыр тілін түсінетін шығармын, бірақ сөйлей алмаймын, оны мойындау керек. Ес білгелі қазақ ауылында өстім, қазақ мектебінде білім алдым. Ауылда басқа ұлт өкілдері болғанымен, мектебіміз де, ортамыз да қазақша болды», — деді Гүзел Ушурова.

Өз сөзінде Гүзел Ушурова отбасындағы ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрді ұстанудың маңыздылығын атап өтті.

«Оның үстіне, өз шаңырағымызда мұсылмандық пен қазақы салт-дәстүр берік сақталды. Тәрбиенің бастауы — ана ғой. Анам кішкентайымыздан үлкеннің жолын кеспеуді, үлкенді сыйлап, құрмет көрсетуді бойымызға сіңіріп өсірді. Сондықтан келін болып түскенде сәлем салу, үлкендерді құрметтеу маған ешқандай қиындық тудырған жоқ. Өйткені мұның бәрін бала кезімнен көрдім, біліп өстім», — деді Гүзел Ушурова.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 4
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0