$ 447.14 € 500.35 ₽ 5.24

«Жабысып қалғаным жоқ!»: Мақпал Жүнісова Президент Іс басқармасының емханасына өкпесін айтты

"Мені тек мазаламаңдаршы".

Фото: zhunusova.makpal/instagram
Фото: zhunusova.makpal/instagram

Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Ұлттық госпиталінен өзін тіркеуден шығару туралы хабарлама алғанын айтты. Әнші медициналық мекеме қызметкерлерінің қайта-қайта тексерілуге шақыратынына да реніш білдірді, деп хабарлайды Stan.kz.

Мақпал Жүнісованың айтуынша, халық әртістері мен еңбек сіңірген қайраткерлер Президент Іс басқармасына қарасты медициналық мекемеде тіркеуде тұрады. Әнші бұл мекемеге 1994 жылдан бері тіркелген.

Алайда өнер иесі осы уақытқа дейін өзіне тиесілі кейбір медициналық мүмкіндіктер туралы білмегенін жеткізді. Соның бірі – жыл сайын санаторийге тегін жолдама алу мүмкіндігі.

«Біз халық әртістері, еңбек сіңірген қайраткерлері “Совминде” тіркеуде тұрмыз. Сол жаққа барып, анализ тапсырып тұрамыз. Сол жерде бір ереже бар екен, мен оны былтыр ғана естіп, таңғалдым. 1994 жылдан бері тіркеудемін, жыл сайын санаторийге тегін жолдама береді екен. Мен өмірімде мұндай дүниелерді пайдаланып көрмеген адаммын. “Маған неге айтпаған, жыл сайын санаторийге баруға болады екен ғой” деп таңғалдым», – деді әнші.

Қазір Мақпал Жүнісова медициналық тексерулерін үйіне жақын орналасқан клиникаларда өткізетінін айтты. Сонымен қатар Корея мен Түркияға барып, денсаулығын тексертіп тұратынын жеткізді.

«Қазір үйімнің жанында клиника көп. Жақын жерге барып, анализ тапсырып, чекаптан өтемін. Кореяға да, Түркияға да барып, тексеріліп жатырмыз. Деніміз сау, шауып жүрміз. Күнде жұмыс, гастроль, концерт бар», – деді ол.

Әншінің сөзінше, «Совмин» емханасының қызметкерлері медициналық тексеруден өту қажеттігін айтып, оған жиі хабарласады. Алайда өзін дені сау екенін айтқан Мақпал Жүнісова мұндай қоңыраулардан шаршағанын жасырмады.

«“Совминнің” қыздары қайта-қайта хабарласып, анализ тапсырыңыз, тексеру керек деп қояр емес. Мен “Қыздар, денім сау, Аллаға шүкір, бәрі дұрыс” десем, “Онда келмесеңіз, “Совминнің” тіркеуінен шығарамыз” дейді. “Шығара беріңдер” дедім. Менің жабысып қалған ешнәрсем жоқ. Үйімнің жанында клиника бар, ауырып қалсам, Медеу ауданы бойынша клиникаға барамын», – деді халық әртісі.

Кейін әншіге Астанадан өзін медициналық мекемеден тіркеуден шығару туралы ресми хат та келген.

Мақпал Жүнісова бұл шешімге қарсы емес екенін айтып, оның орнына басқа адамды тіркесе де ренжімейтінін жеткізді.

«Енді тағы да Астанадан хат келді. Шығарамыз дейді. Шығара беріңдерші. Кім екен оны жіберіп отырған? Маған қарап қалыпты ма? Менің орныма біреуді кіргізгісі келіп тұрса, кіргізе берсін. Ренжімеймін. Мені тек мазаламаңдаршы», – деді әнші.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0