$ 453.93 € 508.72 ₽ 5.35

Қайрат Нұртастың Шымкенттегі концертін ұйымдастыруға жауапты адам қамауға алынды

Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Фото: видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот

Шымкентте Қайрат Нұртастың концертін ұйымдастыруға жауапты болған 1984 жылы туған ер адам ұсталды. Оған қатысты қауіпсіздік талаптарының бұзылуына байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Полицияның мәліметінше, концертке сатылған билеттер саны залдың белгіленген сыйымдылығынан едәуір асып кеткен. Салдарынан көрермендер шамадан тыс жиналып, олардың қауіпсіздігіне қауіп төнген.

Адамдардың көптігінен 18 жастағы қыз жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Әлеуметтік желілерде концерт кезінде адам қаза тапқаны туралы ақпарат тарағанымен, полиция бұл мәліметті жоққа шығарды.

«Концертті ұйымдастыруға жауапты, 1984 жылы туған Л. есімді азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қаза тапқандар жоқ», – делінген полицияның жауабында.

Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Іс Шымкент қалалық полиция департаменті басшылығының бақылауында.

Полиция өкілдері тұрғындарды расталмаған ақпаратты таратпауға шақырды. Сондай-ақ көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін заң бойынша жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0