30.10.2026, 15:00

«Маған Ақгүлдің өткені маңызды емес»: Жанар Байсеміз елді шулатқан көріпкелді жақтап шықты

Фото: Видеодан алынған кадр

Жанар Байсеміздің Ақгүл Есетқызымен жүргізген сұхбатынан кейін әлеуметтік желіде қызу пікірталас басталған.

Журналист Жанар Байсеміз көріпкел Ақгүл Есетқызының өткен өміріне қатысты әлеуметтік желіде тараған ақпараттарға пікір білдіріп, көпшілікті адамды бұрынғы әрекеттері үшін айыптамауға шақырды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Жанар Байсеміздің Ақгүл Есетқызымен жүргізген сұхбатынан кейін әлеуметтік желіде қызу пікірталас басталған. Желі қолданушылары көріпкелдің бұрынғы өміріне қатысты түрлі мәліметтерді жариялап, журналистке де жолдаған.

Осыған байланысты Жанар Байсеміз көпшілікке арнайы үндеу жасап, Ақгүлдің өткені өзін қызықтырмайтынын жеткізді. Оның айтуынша, әр адамның жақсы және жаман қырлары болады, сондықтан біреудің бұрынғы өмірін қазбалаудың қажеті жоқ.

«Өтініш! Маған Ақгүлдің өткен өмірінде немен айналысқанын жібермей-ақ қойыңыздар. Маған Ақгүлдің өткен шағы маңызды емес, мен сіздерді қазіргі Ақгүлмен таныстырдым. Сұхбатта да өзі айтты: “Мен қасиет қонғанға дейін не істемедім, бәрін істедім”, – деп. Әр адамның ішінде жарқын жағы да, қараңғы тұсы да болады. Менде де. Сондықтан адамдардың бойынан жарық іздеп көрейік. Менің каналымның ұстанымы да – “Жарығыңды шаш, қараңғылық онсыз да көп”. Ақгүл андай, Ақгүл мындай деп әлеуметтік желіге шуылдап жазып жатқаннан сізге қандай пайда бар?! Керісінше, күнә арқалайсыз ғой. Энергияңызды жоғалтасыз ғой. Жарайды, солай-ақ болсын делік, бірақ қазір ондай емес қой. Неге сонша агрессивті болып кеткенсіңдер, адамдар?! Ал Ақгүлдің айтқанына қатысты таңдау сізде. Қалай қабылдайсыз, ол да өз еркіңізде. Менің каналымда да жазылған. Мен журналист ретінде әртүрлі пайым, көзқарастағы, түсініктегі адамдардың пікіріне құрметпен қараймын», – деді журналист.

Журналист әр адамның уақыт өте өзгеретінін айтып, біреуді тек өткендегі қателіктеріне қарап бағалау дұрыс емес екенін атап өтті. Ол ешкімнің мінсіз болмайтынын және адамның өмір бойы қалыптасатынын жеткізді.

«Ешкім сау сиырдың боғы емес. Өткен өмірді тіміскілейтін болса, бәрімізден “боқ” шығады. Адамды өткен шағында жасаған істерімен өлшеуге болмайды. Бұрын күнәсі көп болған кісі бір-ақ сәтте әулие сипатқа айналуы мүмкін. Ал әулие сипат сайтана айналуы мүмкін. Өміріміздің соңына дейін әлі талай қателесеміз, күнә арқалаймыз, біреудің наласына қаламыз, біреудің жүрегін жаралаймыз. Біз бір қоймалжың сұйықтықпыз. Өмір бойы қалыптасамыз. Өміріміздің соңында ғана қандай адам болмағанымыз анықталады», – деді Жанар Байсеміз.

Осылайша журналист Ақгүл Есетқызына қатысты айтылып жатқан сындарға жауап беріп, көпшілікті өзгенің өткенін талқылаудан гөрі қазіргі болмысына назар аударуға шақырды.