Актрисаның сөзінше, қазақ халқы қамшыны ешқашан әйелге күш көрсету құралы ретінде қолданбаған.
Танымал актриса Айгүл Иманбаева әлеуметтік желідегі жазбасында қазақтың қамшыға қатысты дәстүрлі танымына тоқталып, оны әйелді ұру үшін пайдалану дұрыс емес екенін айтты. Өнер иесі қамшының ер азаматтың айбары мен шаңырақтың қорғанын білдіретін қасиетті бұйым екенін атап өтті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Актрисаның сөзінше, қазақ халқы қамшыны ешқашан әйелге күш көрсету құралы ретінде қолданбаған. Ол ер адамның мықтылығы әйелге қол көтерумен емес, оны қорғап, аялаумен өлшенетінін жеткізді.
«Жақында әлеуметтік желіден “Үйде қамшы әйелді ұру үшін ілініп тұруы керек” деген кейбір дүмшелердің сөзін көзім шалып, жүрегім ауырды...
Жоқ, олай емес! Қазақ ешқашан қамшыны әйелге қару етпеген!
Қамшы – ер азаматтың айбары, жамандық пен жын-періні маңайлатпайтын қасиетті туы. Қазақ қамшыны төрге тегін ілмеген. Ол тыныштықтың, тіректің, әділдіктің символы.
Ал әйел сол шаңырақтың гүлі, берекесі, Құдайдың ер азаматқа аманат еткен ең нәзік жанұясы. Еркектің мықтылығы әйелге күш көрсетуінде емес, оны қорғап, алақанында аялауында! Қамшы әйелді жасқанту үшін емес, шаңырақты жамандықтан қорғау үшін ілінеді», – деп жазды Айгүл Иманбаева.
Актрисаның жазбасы желі қолданушылары арасында қызу талқыланып, көпшілік түрлі пікір білдірді. Бірі әйелге қол көтеруді қатаң сынаса, енді бірі қамшының дәстүрдегі мәніне қатысты ойын ортаға салды.
«Ол надан ер адамдар әйелді ұру керек деп ойлайды. Ешкімнің қақысы жоқ нәзік жанды ұруға. Әйелге ғана шамасы жететін хайуан еркектер ұрады», «Ол қамшы төрде ілініп тұрады өзінің қатынын сабау үшін емес. Ер жігіт өзінің атын қамшылау үшін. Өйткені ер жігіттің артында болашақ ұрпағы да атқа солай мінуі керек. Бұл жерде мән-мағына бар ғой», «Қамшы дәмін татпаған адам ақ пен қараны ажыратып білмейді, яғни түйсігін тыңдап білмейді. Қамшы жемесек, сағынатынбыз інім екеуміз!» – деп жазды желі қолданушылары.