Жырдың мекені саналған Қызылорда облысы Қазалы ауданының Әйтеке би кентінде көрнекті сөз зергері, шайыр Қарасақал Ерімбеттің 170 жылдығына арналған «Жыр дүлдүлі – Ерімбет» атты аудандық жыршы-термешілер байқауы өтті, деп хабарлайды Baq.kz.
Шараның мақсаты – аудандағы жаңа буын жыршы-термешілерді халыққа дәріптеп, жыраулық дәстүрді ұрпаққа кеңінен насихаттау.
Жыр додасына қатысқан талапкерлер Қарасақал Ерімбеттің жыр-дастандарынан үзінді және терме-толғауларының өз нақышында орындады. Байқауға төрелік жасаған қазылар алқасының құрамында Байназар Өтепов атындағы жыршы-термешілер мектебінің жетекшісі Жасталап Оңдабаев, халықаралық жыршы-термешілер байқауының жүлдегері Ақерке Өтепбергенова, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Бекзат Қазиқызы болды.
Жыраулар додасының қорытындысында жүлделі І орынды Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенті, Бекарыстан би аулынан қатысқан Қуаныш Алғазиев жеңіп алса, ІІ орынды Аудандық мәдениет Орталығының қызметкері, Әйтеке би кентінен қатысқан Жәнібек Құтмаханов иеленді. Ал, ІІІ орынды Қазалы қаласынан қатысқан Едіге Айдаров және Жалаңтөс батыр аулынан қатысқан Мейірімжан Махамбетжановтар қанжығалады. Жүлдегерлер арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, бір топ жыршы-термешілер ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.