$ 443.35  475.54  4.82

«Алтын таяқша» және «Кестелі орамал» байқауы өз мәресіне жетті

Талдықорған қаласы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында  М.Төлебаев атындағы ІV Республикалық «Алтын таяқша» дирижерлер, «Кестелі орамал» вокалистер байқауы өз мәресіне жетіп, салтанатты гала-концерт өтті.

Дәстүрге айналған рухани шараны Алматы облыстық Мәдениет басқармасы ұйымдастырғанын айта кету керек. Шараға екі аталым бойынша 29 үміткер қатысты.

Осылайша, дирижерлар байқауы бойынша лауреат атанып, бас жүлдені астаналық Ернар Нұртазин жеңіп алды. Ал, вокал номинациясы бойынша қызылордалық дарын иесі Азат Мәліктің алдына түсер ешкім болған жоқ.

Дирижерлер арасында арнайы жүлдемен (20 000 теңгені) Алматы облысынан Жексембаев Самат, Астана қаласынан Сарыбай Берік пен Атырау облысынан Джумашева Сая жеңіп алды. Дәл осы номинация бойынша жүлдемен астаналық вокалистер арасында Избамбетов Алмат пен Жетісу жерінен Мырзабеков Бауыржан да марапатталды.

ІІІ орын мен 50 000 теңге көлеміндегі жүлдені дирижерлер арасында Маңғыстау облысынан Мұратов Әлібек пен алматылық Мендалиев Айдос жеңді. Вокалистердің ішінен осы марапатпен павлодарлық Сабиров Нұрсұлтан, Алматы облысынан Такебаев Жомарт пен астаналық Абдуллаева Жадыра иеленді.

Ал, жүлделі 100 000 теңге сыйапатымен ІІ орынды вокалистер арасында Алматы қаласынан Жармағамбетов Расул мен Оңтүстік Қазақстан облысынан Қаңтарбаев Жұмабек жеңіп алды. Дирижерлер арасынан алматылықтар Тойболдиев Мадияр мен Тлепбергенов Абылай иеленді.

І дәрежелі диплом мен 400 000 тенгені дирижерлер арасынан Оңтүстік Қазақстан облысынан келген Исмаилов Қуаныш алса, вокалистерден астаналық Тыныштық Шахризада иеленді.

Байқау қорытындысында Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашов жүлдегерлерді марапаттап тұрып: «Бұл байқауға қатысқан өнерпаздардың қай-қайсысы да өз мықтылығын көрсетті. Солардың ішіндегі бағы мен бабы қатар келген қатысушылар өз марапаттарын алып жатыр. Келесі жылы сіздерді байқауға келіп, қайтадан бақтарыңызды сынауға шақырамыз», - деп сөзін аяқтады.

Республика дирижерлерінің кәсіби шеберлігін арттыру, пікір алмасу, қазақ халқының ән, күй туындыларының бәсекелестік әлеуетін арттыру мақсатында ұйымдастырылған бұл шара өнерпаздардың ән өнерін дамыту, жас талант иелерін іздеу, жастар арасында әншілік өнердің кәсіби деңгейге көтерілуіне жол ашуға септігін тигізеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары