Алматы қаласында 5 шілде күні қала әкімдігі мен Мәдениет және мұрағат басқарамасының ұйымдастыруымен «Ұлы дала елі» халықаралық жыршылар фестивалі өтті. Түбі бір түркі тілдес халықтары өнерпаздарының басын біріктірген фестиваль елордамыз – Астананың туған күніне орай ұйымдастырылды.
Дәстүрлі өнерді дәріптеуге бағытталған жыр кешін Берік Жүсіп жүргізді. Халықаралық жыр кешіне еліміздің түкпір-түкпірінен келген өнерпаздармен бірге Қырғызстан, Башқұртстан мемлекеттерінен келген жыршылар да қатысты.
Ләззат Жанаманова Үмбетәлі Кәрібаевтың «Жамбылға», Серік Құлтаев Сәттіғұл Жанғабылұлының «Мұсылманның баласы» туындыларын, ал Саламат Аяпов «Насият» халық термесін орындады. Данияр Рахымбаевтың Жамбылдың «Менің пірім – Сүйінбай» толғауын халық ерекше тыңдап, ықыласпен қол соқты. Роза Аманова қырғыз халық жырларынан шашу шашса, Қайыпберден жыршы «Башқұрт күйін» тарту етті. Ұлттық дәстүрлі өнер кешінде Шернияз Жарылғасұлы, Майлықожа Сұлтанқожаұлы мен Мұрат Мөңкеұлы сынды зар заман ақындарының да туындылары орындалды.
Жыршылар ғасырлар көшін жаңғыртып қана қоймай, алматылықтар мен шаһар тұрғындарына Астана күні мерекесі қарсаңында ерекше көңіл-күй сыйлады. Тыңдарман ұлттық ән мен музыка арқылы тарих қойнауына сапар шегіп, өткенді еске елді. Кешке келген әрбір жан өзіне қажет рухани азық жинап қоймай, рухани сырлас тапқандай болды. Ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан мәдени мұраларды бір түгендеп қайтты. Кешке келген қонақтар «Қазір жастар эстрада әншілерін тыңдайды. Алайда, ұлттық өнерімізді, сол өнерді насихатап жүрген жыршыларымызды ұмытуға болмайды» деген пікірлерін білдірді.
Фестиваль қазақтың дәстүрлі сөз өнерін насихаттап, одан әрі дамыту арқылы халықтың отаншылдық сезімі мен ұлттық рухын күшейтуге, елдік тұтастықты нығайтуға және «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын іске асыруға бағытталған.
Айта кету керек, «Ұлы дала елі» халықаралық жыршылар фестивалі Алматыда 2015 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Жыл сайын оған көрші Өзбекстан мен Қырғызстаннан, Татарстан мен Башқұртстаннан, Әзірбайжаннан қатысушылар келіп, түркі халықтарына ортақ құндылықтарды жаңғрытып отырады.