$ 498.34  519.72  4.85

Таразда сазгер Дүйсенәлі Бықыбаевтың ән кеші өтті

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысында Жамбыл облысында көптеген іс-шараны өтіп жатқаны белгілі. Олардың көпшілігі жиналыс форматында өткендіктен, халыққа рухани азық болатын да жобалар қажет-ақ, сондай шараның бірі күні бүгін Таразда өтті. Өңірге танымал сазгер Дүйсенәлі Бықыбаевтың мәдениет саласында 40 жыл бойы еңбек етуіне орай өткен ән кеші жергілікті әнсүйер қауымға ерекше көңіл-күй сыйлады.

Дүйсенәлі Бықыбаев – 40 жылға жуық уақыт мәдениет саласында қызмет етіп келе жатқан өнер жанашыры. Сонымен қатар, жауапты қызмет пен шығармашылықты қатар алып жүрген композитор. Осы уақытқа дейін аға буын өкілдерінің өнерін бойына азық қылған өнер адамының бұл – алғашқы ән кеші.

«Енді, мен өнерге Мэлс ағамның әндерін айтып, үлкен шығармашылығын арқалап келген болатынмын. Бүгінгі күнде өзімнің біраз әндерім жинақталып, халыққа беретіндей мүмкіндік туғанына қуаныштымын. Қазір, міне, «Туған жерге туыңды тік» деп, осындай шаралап атқарылып жатқанда, мен де сол елдің алдында есептік концертімді берейін деп...», - деп атап өтті ҚР мәдениет қайраткері, композитор Дүйсенәлі Бықыбаев.

Қазақтың əн əлемінің алтын қазынасын өзінің сыршыл да əуезді туындыларымен толықтырып жүрген сазгердің шығармаларын облысымызға, республикаға белгілі әншілер нақышына келтіре орындады. Кешке келген көрермен де сазгердің әндерін қосыла шырқады. Әннің бақыты, бәлкім осы шығар? Ия, ән – тыңдарманның жүрегінде қалу керек.

«Ал, ең бастысы, сол сіздің әніңізді жұрт айта ма? Жұрттың жүрегіне жете ма? Адамның сезімін қозғай ма? Адамды небір ойларға жетелей ма? Күш-қайрат беріп, көңіліңді анааау зеңгір көк аспанға көтере ма? Міне, мәселе сонда. Дүйсеннің әндерінде осындай бір жақсылық бар. Осындай бір иірім бар», - дейді ҚР мәдениет қайраткері Қалыбек Атжан.

Дүйсенəлі Бықыбаев лирик сазгер ретінде əншілер мен композиторлар қауымының арасында үлкен сый мен құрметке ие. Күллі қазақ даласына əуелей жеткен əндерін қазіргі таңда бірталай эстрада жұлдыздары орындап, тыңдарман қауымның құлақ құрышын қандырып жүр.

«Дүйсен ағамыздың әндері көбіне, лирика ғой. Сондықтан, бүгінгі кеш лирикаға, жүрекке толы әндердің кеші болады деп ойлап отырмын. Біз екеуміз деген әнінің өзі бүкіл қазақ даласына шарлап кетті ғой...», - дейді кеш қонағы болған танымал эстрада әншісі Саят Медеуов.

Концерт соңында Досымжан Таңатаров кеш иесінің əніне, белгілі ақын Ғайни Əлімбекқызының өлеңіне жазылған «Қаздар қайтып барады» атты жаңа əннің тұсауын кесті. Əуезді əн кеші бір топ əншінің орындауында Дүйсенəлі Дысыбалыұлының «Жаса мəңгі Астана» атты əнімен рухты нотада аяқталды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары