Он жыл бойы ел көзінен жасырынып келген Қайрат Нұртастың келіншегі Жұлдыз Әдбікәрімова бір ғана фильм арқылы дүйім жұртқа танымал болған. Олардың 4 баласы да 1-ақ күнде, яғни әншінің шығармашылық кешінде «жұлдызға» айналып кете барған еді. Бұл жетістікке оңайлықпен қол жеткізбедім деген Әбдікәрімова балаларын дарынды қылып өсіруде олардың атын шығаруды еш көздемегенін айтады.
«Аналық сезім – әр қыздың санасы мен қатар қанында бар табиғи құбылыс. Балалық шағымыздан-ақ, күйеуге шығып, өз отбасымыз бен балалы болуды армандағанымыз xақ және сол кезден-ақ, мен үшін бастапқы мақсат – тәрбие мен бала дамуы болды! Баланы дүниеге әкеліп ғана қоймай, оның уақытылы дұрыс дамуына, әрі өсу жасына қарай ықпал ету керек деп ойлаймын. Біріншіден, ол өз қатарластарынан қалмауы тиіс, ал екіншіден өз қалауын таңдай алуы тиіс. Өзіне ұнайтын әрі құлышыныспен істейтінін таңдауына да көп нәрсе байланысты, әрі болашақта да жақсы қасиет болып қалмақ. Бұл да бала үшін жетістіктің бір шыңы. Мен өз балаларымнан «жұлдыз» жасауды мақсат тұтқаным жоқ (әлі де осы ұстанымдамын). Оларды түрлі үйірмелерге бердім. Уақыттары босқа өткенін қаламадым», - деді Әбдікәрімова өзінің instagram-парақшасында.
Еске сала кетейік, танымал эстрада жұлдызы Қайрат Нұртас 21-22 сәуір күндері Астана мен Алматы қалаларында шығармашылық кешін өткізген еді. Шарада әншінің отбасы мүшелері толықтай өнер көрсеткен болатын.