Белгілі әнші Тамара Асар философия ғылымдарының докторы атанып, қолына дипломын алды. Бұл жайында ол өзінің Instagram-парақшасына жазған.
«Барды - бар, жоқты - жоқ деп айтсам, мақтанғандық емес шығар. Адам өмірге келгенде жақсы да жаман да қасиеттері өзімен бірге туады. Ал, ол қасиеттердің қайсысын қалап алып, тәрбиелеу, дамыту өз таңдауыңда. Жаратқан менің табиғатыма қызыл тілдің қыранын қондырған», - деп сөзін бастаған әнші бала кезінен-ақ өзінің тілге шешен, зерек болғанын айтады. Қазақ тілімен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектепте білім алған ол кейіннен «Психология» мамандығын таңдаған екен. Бірақ жоғары оқу орнында оқып жүргенде бірталай қиындықтарға тап болған.
«Азды-көпті Тамара Асар деген жұлдыз атым, мүйізі қарағайдай ғалымдардың алдында ойнамай қалды. Тереңге сүңгу қиын болса да, магистратураны аяқтап, докторонтураға түсіп, оны аман-есен аяқтап, қорғап, ғылыми диссертациялық кеңестің шешімімен, Білім және ғылым министрлігінің бекітуімен, қолыма дипломымды 12 сәуір күні алдым, шүкір... Маған жол бастаған білім берген Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіндегі ғалым ұстаздарыма бас идім», – дейді Тамара Асар.