28.07.2018, 10:30

"Ешкіммен бір бөлмеде болмауға тырысамын": Айгүл Иманбаева өзінің айкезбе екенін айтты

Белгілі актриса, әрі әнші Айгүл Иманбаева өзінің бір бөлмеде ешкіммен бірге ұйықтай алмайтынын айтты. Себебі, ол түнде ұйқылы-ояу бөлмені кезіп кететін көрінеді. Әнші өзінің бала кезден айкезбе (лунатик) екенін 31- арнаның "Айта берсін" бағдарламасында айтты.

"Мен ұйқысырайтын адаммын. Түнде жүремін, бөлмеден шығып кетемін, басқаша айтқанда “лунатикпін”. Бұл құпияны білетін менің директорым Жазира. Сол себепті мен ешкіммен бір бөлмеде болмауға тырысамын. Өйткені мен біреуді шошытып алуым мүмкін. Бала кезімізде ұйықтаған кезде сулы шүберек төсейтінбіз. кішкентай кезімде шығып кетсем, анам “бісімілләсін” айтып, оятпай әкеліп жатқызатын. Әлі де сондай жағдайым бар. Сол себепті қыздармен бір бөлмеде болмауға тырысамын", - дейді Айгүл бағдарламаға берген сұхбатында.

Сондай-ақ, әнші ұйықтар алдында үйінің кілтін қиын жерге тығып қояды екен. Өйткені ұйқысырап далаға шығып кетуден сақтанады. Айтуынша, ол бала кезінде бірнеше рет ұйықтап жатқан жерінде сыртқа шығып кететін болған.

"Бала кезімде далаға шығып кету, қардың үстінде жүріп кету, қоршаудан шығып кету деген сияқты дүниелер болған. Біреуге қорқынышты көрінер, өзім үшін үйреншікті жағдай”, - дейді әнші.

Сол үшін актриса молдаға барып дем салдырып тұратынын айтады. Содан кейін айкезбелік қасиеті біршама уақытқа дейін тыйылып қалады екен.