«Жігіттер» тобының мүшесі Бағлан Әбдірайымовтың анасы ауруханада жатыр. Бұл туралы әнші желідегі парақшасына жазып, көпшіліктен анасының денсаулығы үшін дұға етуін өтінді.
«Бір апта бұрын анамның қан қысымы көтеріліп, есін жоғалтып жедел жәрдеммен жергілікті ауруханаға жеткізілген! Есіте сала ауылға ұшқам. Анаммен жүздесіп, көңілім орнына түскен. Екі күн бұрын ауруханада тағы сол жағдай қайталанып, жансақтау бөліміне түсті. Есін жиды да, қайта ұйқыға (кома) кетті. Содан бері Алладан жәрдем сұрап, жанымызды шүберекке түйіп жүрміз! Алматы, Шымкент дәрігерлері қолдан келгенін айтып, бар күшін салуда», – деп жазды Бағлан Instagram-парақшасына.
Қазіргі кезде анасы Шымкенттегі Түлкібас ауданындағы орталық ауруханада жатыр.
«Әзірге орнынан қозғалтуға болмайтынын қатаң ескертіп Түлкібас ауданында орталық ауруханада жатыр! Кішкентай қара домалақ анамның жағдайы осы. Сіздерден несін жасырайын... Неше түрлі ойға шомылып қорқыныш билеп жүр. Анасыз өмір сүру қандай қиын. Ағайын, көп тілеуі қабыл болады! Тілекші болыңыздаршы!», - деп жазды ол.