$ 487.37  532.94  5.09

Тұңғышбай Жаманқұлов: «Арыстанбек Мұхамедиұлы министр болып келгелі, одақтың басына бұлт төнді»

 

- Аға, мерейлі жасыңыз құтты болсын! Соңғы бір-екі жылдың сіз үшін сынаққа толы болғаны көпшілікке аян. Әйтсе де дәл қазір, 70-тің асқарына иек артқан тұстағы жағдайыңыз, көңіл күйіңіз қалай?

– Жала мен әділетсіздікке тап болғаннан кейін көңіл күйдің қандай болатыны түсінікті ғой…  Көңіл алаң. Жүректе, сезімде тиянақ жоқ. Мен осынша жасқа келгенде мұндай жағдайға тап боламын деп ойлаған жоқпын. Өйткені алды-артым да, ізім де таза болатын, ондай бәлеге араласқан адам емеспін. Ал неге бұлай болғанын, себеп-салдарын айтпай-ақ қояйын. Қай жақтан жел соққанын халық біледі. Жұрттың 99 пайызы қазір менің жағымда. Сотта бізге тағылған, таңылған кінәлардың түгелі дерлік расталған жоқ. 69 млн теңгенің қалай жаратылғаны жайында дәлелді құжаттар берілді. Бірақ сол құжаттардың өзін бұрмалап, қате табуға тырысты. Негізі, менің жанымдағы адамдардың барлығы қаржы-қаражатқа жауап бермейтін қызметте еді. Ал ақшамен айналысатын продюсер қыз болған. Ол киностудияда істеген. Киномыз компьютерлік графикаға байланғандықтан, солар 18 миллионға жоспарда көрсетілмеген бір аппарат сатып алыпты. Соны «дұрыс емес» деп, «қымбат» деп, бізге айып қып таңды. Оны біз тапсырдық, киностудияда жатыр ол аппарат. Одан менің бір жыл бойы алған айлығымды заңсыз деп, соны қайтаруға шешім шығарды. Онымен қоймай, 3 жыл 6 айға шартты түрде жаза кесті. Мен оған риза болған жоқпын. Бірден қалалық сотқа  шағым түсірдім. Қалалық сот істің бірде-бір бетін ашпастан үкімді сол күйі қалдыра салды. Біздегі сот процесінің қандай болатынын мен сосын түсіндім. Жоғарғы сотқа да жазып қойдым. Бірақ заманның өзгергенін күтіп отырмын. Өйткені жоғарғы сот та ештеңені тексерместен, қайтадан сондай шешім шығара салуы бек мүмкін.

– Бірақ кінәңізді мойындағандай да болдыңыз, тіпті 5 миллион теңге  төледіңіз емес пе?

– Шыны керек, басында мойындаған жоқпын. Тергеуші жігіттердің бәрі мені танып-біліп отырды. «Аға, не істейміз? Бізді қысып жатыр. Министріңіз қанымызды ішті. 5 миллионды мойныңызға ала салыңызшы, сосын 65 статьямен босатып жібереміз, ары қарай жұмысыңызды істей бересіз» деп алдады. «Әйтпесе барлығы тексеріліп біткенше және сот өткенше қамауда отырасыз» деді. Отырғызатын да еді. Режиссер өз алдына, одан бөлек, киностудияның экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры мен фильмнің атқарушы продюсері, екеуі де – әйел адам, солар тектен-текке отырды тоғыз ай түрмеде. Ешқандай дәлел жоқ, соттан кейін босатты. Ал сол тоғыз айда олардың тағдырына, денсаулығына қаншама нұқсан келді. Құқық қорғау орындары түк болмағандай «кешіріңіз» деп шығарып салды. «Жарайды, министрдің-ақ айызы қансыншы» деп, 5 миллионды мойныма алып едім, ертесіне «69 миллионды мойындады» деп жариялап жіберіпті. Мен бірден бас тарттым, «бұларың дұрыс емес» дедім. Бірақ мені тыңдаған ешкім болған жоқ. Алдап түсірді. Әдістері сондай екен. «Аға, сіз халық әртісісіз ғой, сізді білеміз ғой» деп әртісше ойнағанда, менен сұмдық әртіс екен бұлар.

– Ал «Феникстің» ақыры не болды?

– Ол кино сол бойы тоқтап тұр. «Министр бізден ақша сұрады» деген сөзі үшін ғана, Талғатты қанатынан қайырды, тектен-текке күйдіріп жеті ай отырғызды. Ал кейбір адамдар арқылы ақша сұрағаны рас екен. Мен оны «өзім көргем жоқ, білмеймін. Бірақ біздің қоғамда ондай-ондай болып тұратыны бар» дедім.

– Әлеуметтік желіде президенттің араша түсуін сұраған бейнежазбаңыз шығып еді. Ол тараптан қайран болмады ма?

– Президенттің «нақты дәлел болмаса, ертегі ойлап таппаңдар» деп, тергеу орындарына қадап тұрып айтқаны маған мәлім. Бірақ ол орындалмады. Не себепті екенін жақсы біліп отырмын, оны қайталап айтпай-ақ қояйын. Бұл жаста мұны көтеру оңай емес екен. Сыртымыз бүтін, ішіміз түтін болып жүріп жатырмыз. Бірақ сонымен ғана бітсе бір сәрі ғой. Маған қазір жан-жағымнан, өзімнің төл министрлігімнен қысым көрсетіліп жатыр.

– Қандай қысым?

– Енді Қазақстан театр қайраткерлері одағын таратуға күш салуда. Сөйтіп, одақтың үстінен одақ құрды және біздің жасаған жұмыстарымыздың бәрін тартып алып, өкіметтің ақшасына жасап жатыр. Ал біз өкіметтен бір тиын да алмаған болатынбыз.

– Сонда театр қайраткерлері одағы мүшелерінің барлығы қазір жаңадан құрылған Қазақстан театрлары ассоциациясының мүшелігіне өтіп кетті ме?

– Жоқ. Бұл одақтың бұрынғы мүшелерінің барлығы мүшеліктен кетіп, ассоциацияға өтіп кетті деген сөз емес. Бірді-екілі адамдар болмаса, барлығы да қалды. Корей театрынан жеті адам бар еді, солар шығып кетті. Сосын, Әуезов театрына Ерлан Біләл директор болып тұрған кезде «мүшеліктен бәрің шығыңдар» деген тапсырма берілген. Бірақ бес-алты-ақ адам шыққан. Ал 60 адам әлі де одаққа мүше. Сондай-ақ орыс театрлары мен облыстық театрлардың ешқайсысы мүшеліктен шыққан жоқ. Сонымен қатар ассоциацияға да мүше болу заңға қайшы емес. Бола берсін. Ассоциация да театрлардың жағдайын ойласын, біз де ойлайық. Оған еш қарсылығым жоқ. Алайда одақты тірідей өлтіру, ақшамен басып, оның жұмысының барлығын тартып алу әрекеттері болып жатыр. Менің бұрыннан бірге жұмыс істеп келе жатқан компанияларыма телефон шалып қорқытып, демеушілік жасаудан бас тартқызып жатыр. Облыстық әкімшіліктердің ішкі саясат басқармаларымен келісімшарт негізінде «Театр» журналын шығаруға алатын азын-аулақ қаражатты да тоқтатты. Ол аздай, Жамбыл облыстық мәслихатына шығып, менің «Жамбыл облысының құрметті азаматы» деген атағымды да алдыртып тастады. Ал соттың үкімінде «атақ-даңқы алынсын» деген нәрсе жоқ, орден-медальдарым, атақтарым бәрі өзімде. Бірақ соған қарамастан, тізеге басып, жоғарыдан осындай тірліктер істеп жатыр. 

– Ал «Театр» журналының ендігі тағдыры не болмақ?

– Журналдың шығуы өте қиын болып тұрғаны рас. Былтырғы нөмірлердің барлығын жүгіріп жүріп өзімнің тапқан-таянғаныма, одан жолдастарыма қарызданып-қауғаланып түгел шығардым. Ал биыл тендерге қатыса алмадық. Алайда атын айта алмайтын басқа демеушілер таптым. Өйткені оларға да телефон шалынып қалуы бек мүмкін. Жылдың аяғына дейін 12 нөмірін түгел шығарамыз деген ниеттеміз. Қазір үш нөмірі дайын тұр. Ал келесі жылдан бастап заман өзгеретін шығар деген үмітім бар. Сонда бәрі қалпына келеді. Бұл одақты өліп жатқан жерінен көтеріп едім. Енді өзім өлтіріп кете алмаймын. Қайтадан орнынан тұрғызып, жұмысын жолға қойып кетемін. Менің орныма келетін, жұмыс істеймін деген, өнерге, театрға жанашыр азаматтар болса, ешқандай қарсылығым жоқ.

– Одақтың тізгінін ұстағаныңызға 10 жылға жуықтапты. Осы уақыт аралығында айтарлықтай не істелді? Оның қоғамда қандай да бір салмағы, өнер адамдарына берері бар ма?

– Қоғамдық ұйым болғандықтан, біз мемлекеттен ақша ала алмадық. Мен, жалпы, сол жайында күрестім. «Шығармашылық одақтардың барлығын мемлекет өз қолына алуы керек» дедім. Сөйтіп, бұрынғы премьер-министр С.Ахметов өткізген үкімет отырысында сөз сөйледім. Ондағы ойым: мемлекет шығармашылық одақтарда істейтін он шақты адамның айлығын төлеп, сосын, идеяларымызды қаржыландырып отырса, қалғаны табылар еді. Бірақ олай болмады. Бәрібір қол қусырып отырмадық. Атқарған шаруамыз қыруар. Өңірлерде әртүрлі форумдар, фестивальдер, театр суретшілерінің үлкен конференциясын өткіздік. Қытай, Ресей, Белоруссия, Украина, Әзірбайжан т.б. елдерде өткен дүниежүзілік театр форумдарына қатыстық, айтулы театр қайраткерлеріне, жас таланттарға жыл сайын дәстүрлі түрде «Еңлікгүл» сыйлығын беріп тұрдық. Бірқатар режиссерлер мен актерлерді Ресейге оқуға жіберіп, кәсіби шеберліктерін көтердік. Соның бәріне қаражат таптық. Жас актер, режиссер, драматургтерді қолдадық. «Жас сахна», «ВТ» театрларымен бірге әлі күнге дейін жас драматургтердің шеберлік дәрістерін өткізіп жүрміз.

Құрылған жаңа ассоциация – министрге бағынатын 7-8 театрдың ғана қамын ойлайтын ұйым. Сақалды ағаларымыз абырой-атағын алға ұстап, не өздері, не министрліктен телефон соқтырып, облыстағы театрларға «ассоциацияға өтіңдер, әйтпесе атақ бермейміз» деген пендешіліктерге барып жүргені хақ. Оны барлық театрлар айтады. Маған хабарласып жатқандары да көп. Мен «ассоциацияға кіру-кірмеу, одақтан шығу-шықпау – өз еріктерің» деймін. Олар сияқты «оған кірмеңдер, жоламаңдар» демеймін. Театр қайраткерлері одағы өмір сүріп келе жатқалы – 56 жыл. Басшылығында Роза Жаманова, Әзірбайжан Мәмбетов болды. Қоғамда өзіндік орны, салмағы бар ұйым бұл.

Арыстанбек Мұхамедиұлы қалай министр болып келді, солай – одақтың басына бұлт төнді. Бірде-бір жұмысы насихатталмайды, бірде-бір ұсынысына қолдау көрсетілмейді, біз атаққа ұсынған бірде-бір майталман өнер иесі атаққа өтпейді. Өйткені «Жаманқұловтың қолымен келген қағаздарды мен қоқысқа лақтырып тастаймын» деп министрдің өзі турасын айтыпты.

– Соншама бітпейтіндей, ұмытылмайтындай, екеуіңіздің араңыздағы ол не өкпе, қандай дау? Шешуге болмайтын ба еді?

– Бір емес, бірнеше рет сөйлесіп көрдім. «Қойыңдар, жігіттер» деп, араағайындыққа түскендер де болды. Бірақ ол оның біріне құлақ асқан жоқ. Керісінше, «қырам да жоям» деп доқ көрсетіп, қазір өзіне қарсы шыққан кейбір қыз-жігіттерге «мен сені Тұңғышбай сияқты құртып жіберемін» дейтін көрінеді. Мені «құртып жібердім» деп ойлап жүр. Бірақ құрта алмайды мені.

– Ерлан Біләлов парамен ұсталғанда да, сол жағдайды сізбен байланыстырғандар болды. Шындығында, осының анық-қанығы қалай?

– «Кімнің ұйымдастырғанын білеміз» деп, менің есімімді тұспалдап айтқандарын білемін. Ашық айтқан жоқ. Ашық айтса сотқа беретін едім, әрине. Ойларынша, мен сондай сұмдық адам екенмін: анаған параны алдыртамын, мынаған бергіздіремін, сосын ана жаққа звондаттырамын, сөйтіп, спектакль қоямын, мен керемет режиссер екенмін. Шындығында, менің одан хабарым жоқ мүлде, мен өзіммен-өзім жүрген адаммын. Егер ондай спектакль ұйымдастырғыш болсам, ең әуелі өз басымдағы бәле-жаладан құтылып кетпеймін бе?! Бір жағынан, ол – менің министрдің табанын жалауға дайын жүрген шәкіртім. Құдай тағала берді оған да осындай сынақты. Министрліктің дайындаған адамдары, арасында туысқаншылығы ұстап кеткен Жазушылар одағының бұрынғы төрағасы Н.Оразалин бар, Моцарт пен Сальери деген бірдеңелерді айтып, «ол жақсы адам еді ғой, оған пара алдырған кім?!» деп конференция өткізіп, тарихта болмаған масқара жасады. Пара алған адамды қорғау деген ұят жағдай ғой, қарабет болдық қой тіпті. Ол аздай, пара берген адамды «сен өзім бердім деп айт, сыйға тарттым де» деп айналдырыпты. Сосын, «министр араласып, Ерланның мойнына таңылған 90 миллионды – 50, одан 20 миллионға түсіріпті, тіпті ештеңе төлемейтін болыпты» дегенді де естіп жатырмыз. Керек болса, министр мырза оны қайтадан таққа отырғызуы да әбден мүмкін. Біздің жағдайда ештеңеге таңғалуға болмайды.

– Ерлан Біләл қазір театрда ғой сонда?

– Иә, театрда. Абайды ойнап жүр қазір. Абайды ойнағанына бүкіл халық қарсы болып, Facebook-те жазды, шулады. Кейбір ұжымдар «Ерлан Біләл Абайды ойнаған спектакльге бармаймыз» деп, билеттерін қайтарып берген де жағдай болды. 

Директордың сөзіне ешкім пысқырған да жоқ

– Ерланды жақтаған, тұспалмен болса да, өзіңізді қаралаған жиында үлкен-кіші әріптестеріңіздің барлығы дерлік болды, сөз сөйлегендері де бар. Сіз қазір осы ортада жүрсіз… Сізге қиын емес пе?

– Аярлықпен жасалып жатқан жағдайларды көргенде мен қатты ұшындым. Бұл дүниеде әділеттің жоқ екенін түсіндім, біздің заман аярлардың заманы екеніне көзім жетті. Қатты қапа болдым, қатты түңілдім.  Қасиетіміз қашқан, құдіретімізден айырылған ел болдық қой. Маған жала жапқандары тіпті ақылға сыйымсыз. Бүйтіп қорлағанша, одан да мені атып тастасын.

– Өнер адамдары осындай болғанда… олар туғызып жатқан өнер қандай, өнердің өресі, қасиеті қаншалықты десеңізші…

– Дұрыс айтасың. Өнер адамдарының істейтін ісі емес бұл. Өнер адамы – жүректің адамы. Оларда аярлық болмауы керек. Өнер адамы жылтың болған соң, қылтың болған соң, әлдекімнің аяғына жығылған соң, өз намысын таптатқан соң, оны «өнер адамы» деп есептеуге болмайды. Өнер адамы емес ол.

– Ал солар жүрген театр ше?

– Олар істеп жүрген театр да кірледі. Бірақ осындағы жастарды күнде көріп жүрмін ғой. Іштей барлығы менің жағымда. Көздері мөлдіреп, бастыққа көрінбей, «ағатай, шыдаңыз» деп арқамнан қағады. Жарбаңбайлар бірді-екілі ғана. Бастыққа жағынып бірдеңе айтып қалады анда-санда. Олар адам ретінде саяз, актер ретінде нашар, өзіне-өзі сенбейтін адамдар.

– Сіз сонда соттан кейін де театрдан кеткен жоқсыз ғой?

– Мен неге кетем театрдан? Мені ешкім театрдан кетірген жоқ. Қатарластарымның да, кейінгі жастардың да – бәрінің маған деген көзқарасы түзу екенін мен жақсы білемін.

– Бірақ сахнадан сізді көрмегелі көп болды…

– Енді роль беру-бермеу басшылардың қолында ғой. Рас, ол жағы менде жоқ.

– Өз көңіліңіздегідей роль ойнамағаныңызға қанша уақыт болды?

– Жалпы, директорлықтан кеткеннен кейін менің роль алуым азайды.

– Онда он бес жыл болды десеңізші…

– Иә… Өйткені менен кейін директорлыққа Есмұқан Обаев ағамыз келді де, ол өзінің досы Асанәлі Әшімовті театрға қайтадан алды. Сол кісінің діттеуімен мен рольдерден шеттетіле бастадым. Тіпті мен ойнаған спектакльдер де репертуардан алына бастады. Сол сияқты маған спектакль қоюға да рұқсат етіле қоюы қиындады. Дегенмен де 2006 жылы «Қазақтарды», 2009 жылы «Аршын мал аланды», 2015 жылы «Ай мен Айшаны» қойдым. Жылына бір спектакль қояйын деген ойым жоқ, бірақ екі жылда бір спектакль қоюға мүмкіндігім бар еді. Міне, сол спектакльдерде өзіме азғантай роль алып жүрдім. Спектакльді қою бір басқа да, сол спектакльде ойнау бір басқа ғой. Алатын роліңді кезінде ала алмай қалған соң, сәл бөтенсіп, кіріге алмай тұрасың.

– Ал спектакльдеріңіз ше? Қойылып жүр ме?

– «Ай мен Айшаның» репертуарға қойылмағанына бір жарым жыл болды. Оны «алып тастау керек» дегенді Әшімов мырза айтып жүр. «Томиристің» сахнада жүріп жатқанына 20 жыл болды. Оны да «құрту керек» депті. Бірақ көркемдік кеңестегі кейбір батылдау адамдар, Есмұқан ағамыз да «жақсы спектакль, халық келіп жүр, тарихи қойылым, оны алуға болмайды» деген уәж айтыпты. Мына бастықтың кезінде ол уәждер тыңдала ма, жоқ па, білмеймін. Бұл мені тіпті маңына жолатпайды. «Сізді бүкіл ұжым ұнатпайды» деп қояды маған. Онысы өтірік. Ұнатпаса Әшімов ұнатпайтын шығар. Сол сияқты Әбділманов пен директордың маңайындағылар жақтырмайтын шығар. Олардың өзі де оңашада құшақтап амандасады. Мен ұсталған кезде жастар: «Ағаға неге бармаймыз?» деп шулапты. Біләлов бүкіл ұжымды түнгі 11-де шақырып алып: «Жаманқұловтың жағдайы осындай болды, біреуің бірдеңе жазбайсыңдар, қолдамайсыңдар, суретін де салмайсыңдар фейсбукке» деп қатаң тапсырыпты. Бірақ мен тергеліп жатқанда жастардың бәрі маған келді. Түнгі 2-3-ке дейін сол жерде жүрді. Үйіме де күнде келіп тұрды. Директордың сөзіне ешкім пысқырған да жоқ. Сондықтан ұжымның арасында, құдайға шүкір, қадірім бар. Тек өзімнің жүрегімде тыным жоқ. Қара қазандай өкпем бар.

– Қатты күйінгеніңіз, күйзелгенініз байқалып тұр. Сонда осынша жасқа келгенше әділетсіздіктің бар екенін білген жоқсыз ба?

– Неге білмейін, білем ғой. Бірақ менің басыма осындай жағдай түседі деп ойлаған емеспін. Себебі жүрісім де, қолым да таза еді. Мен ешкімге қиянат жасамаған, өмірде тек адалдықпен жүруге тырысқан адаммын. Шындықты айтқанға қарсы шыққандардың талайын көргенмін. Соның бірі – Асанәлі ағамыз. Бастық болған кезінде: «Сіздің басқаруыңызда бұл театр оңып жатқан жоқ» дегенді бетіне айтқанмын. Сондықтан мұндай жағдайлардың болатынын білмейтіндей ақымақ емеспін ғой, білем, әрине, бірақ дайын болған жоқпын. «Адам аласы ішінде» деген. Әйтпесе мен осы театрға қаншама жақсылық жасадым. Елу шақты пәтер әпердім, он шақты адам атақ алды, беделімді салып жүріп көбін әскерден алып келдім. Оны міндет қып отырған жоқпын. Бірақ сіңірген адал еңбегім қара ниет болып қайтатынын білгем жоқ. Жалпы, шындықты айтуға қорқатындай соншама не көрінді? 37-ші жыл ма қазір?! Ұлтжандылық, қазақи бауырмалдық қайда қалды?!

– Осы сахнада тер төккен арғы-бергі ағаларыңыздың талайын көзіңіз көрді. Солардың да әділетсіздіктен күйген кезіне куә болған немесе өзіңіз ара түскен жағдайлар бар ма?

– Әрине. Мен соның бәрін көзіммен көргендіктен де ашынып, шындықты айтамын беттеріне. Мысалы, кезінде Нұрмұхан Жантөринді театрдан қуып жібергеніне Әзекеңнің өзі де өле-өлгенше өкініп өтті деп ойлаймын. Одан Әзекең абырой тапқан жоқ. Жантөринсіз қалғаны театрға ауыр сын болды. Өйткені ол кезде ондай үлкен актер жоқ еді театрда. Ол құл актер емес еді, өте талантты, ақылды актер болатын.   Екеуінің арасындағы шығармашылық тайталас адамгершілік соғысқа өтіп кетті. Сөйтіп, Жантөрин өзінің актерлік позициясын қорғағаны, режиссураға құл бола алмағаны, құл болғысы келмегені үшін қудаланды.

– Директор кезіңізде сіз де танымал бірнеше әртісті жұмыстан шығарып, басыңыз дауға қалды емес пе?

– Мен директор болған кез – құдай атқан, ең бір ауыр кез болатын. 1993 пен 2001-дің арасы еді ғой. Не айлық жоқ, не театрға алатын ине жоқ, инеге түйме жоқ, түймеге ақша жоқ. «Штатты қысқартыңдар» деді. Бұрын оркестр болған, соны қысқарттым. Комиссия құрылды. Сөйтіп, жөнді роль ойнай алмай жүрген, әлі күнге дейін сахнада қазақша сөйлей алмайтын, тамыр-таныспен кірген, рольдері жоқ адамдар тізімге ілікті. Оларды менің дұшпандарым, Әшімов бастап қорғап шыға келді. Дау содан шықты.

– Асанәлі Әшімов театрдан сіз директор болғаннан кейін кетіп пе еді?

– Жоқ. Оны Әзірбайжан Мәмбетов шығарып жіберген. Өйткені киноға түсіп жүретін де, театрға келмейтін. Бірақ Әзекең басшылықтан кеткеннен кейін бұл кісі директор болып отырып алды да, Әзекеңнің өзін театрға кіргізбей қойды. Бәріміз жалынып жүріп Әзекеңді қайтадан шақырып алдық. Бір жыл болмай жатып Әшімов қызметтен алынды. Оны бізден көрді. Біз, менің қатарымдағы жастар, Тілектес, Уайс, Әшірәлі, Құман да бар – бәріміз «Әшімов директор бола алмайды. Бұл – азғын адам, театрымыздағы отбасын бұзған. Актер бола берсін, бізге басшы болмай-ақ қойсын» деп жаздық.

– «Отбасын бұзғаны» қалай?

– Оны ашық айтуға болады. Кезінде Әшімов біздің Әнуар Боранбаев досымыздың отбасын бұзды. Хат жазғанымызды, басшы болуға қарсы екенімді өзіне тіке айттым да. Ол оған, әрине, ұнаған жоқ. Арамыздағы дау содан бері әлі жалғасып келе жатыр. 

…Үстелдің астына кіріп кете жаздайды

– Аға буынның арасындағы осындай ит ырғылжың тайталас театрдағы кейінгі толқынның, жастардың ынтымақ, бірлігіне салқынын тигізеді деп қорықпайсыз ба?

– Осындай әділетсіздікті, көпе-көрінеу тізеге басуды көре берсе, ертең олар да осындай жағдайға тап болады. Қорқам, әрине. Театрдың 90 жылдығында «өкпелеп жүр ғой» деп, Асекеңді құшақтап тұрып: «Аға, жасыңыз үлкен ғой, менен бір қателік кетсе, кешіріңіз. Мына жастар бізге қарап отыр», – деп кешірім сұрадым. Сол кезде маңайымыздағы жастардың бәрі уралап келіп, екеумізді құшақтады. Сөйтіп, достасқан едік. Тура үш күннен кейін «Жаманқұлов ұры, оңбаған адам» деп, «Время» газетіне жазып жіберіпті. Егер бұрын айтқан әңгімесі болса, «мыналар сөйтіпті, баяғыдағы бір сөзім еді» десе, түсінер едім ғой. Жерге тыға беретіндей мен де жас бала емеспін. Қазір енді театрда көркемдік кеңестің жетекшісі болып отыр ғой, «театрдан кет» дейді маған. Ал мен неге кетуім керек?! Актерлігімді ешкім тартып ала алмайды менен.

– Нақты айғақпен ұсталып, жазалы болған адамның өзі де сахнаға қайтып оралды дейсіз ғой…

– Оралғанда қандай! Соттан кейін театрға қайта келген кезінде жаңа бастық оны: «Біздің Ерлан, қандыкөйлек досымыз театрда актер болып қалады. Мен оны ұжымға құрметпен қабылдаймын», – деп, арқасына зерлі шапан жауып, алтын қалам сыйлады. Сондай құрмет көрген Ерлан маған жоламайды қазір. Көрсе алыстан қашады.

– Өзіңіз де театрға сирек келетін шығарсыз. Айтарлықтай роліңіз жоқ, спектакль қойып жатқан жоқсыз… 

– Сирек келетінім рас. Өйткені менің қатысым бар қойылымдар репертуарда некен-сақ. Бірақ апта сайын болатын жиналыстарға келіп тұрамын, әңгімелерді тыңдаймын. Әрине, жөнді әңгіме айтылмайды. Сылдыр сөз, өтірік ақпарат. «Жапонияға бардық, Англияға бардық» деген баяғы әңгіме. Неменеге барды? Соншама көтеретіндей ол қандай спектакль, бәрін ішім біліп отыр, бірақ «әй, кәпір болмай-ақ қояйыншы» деп араласпаймын. «Қалай қарайсыз?» деп, менен сұрап жатқан да ешкім жоқ.

– Жалпы, театр қойылымдарының қазіргі көркемдік деңгейін, жағдайын қалай бағалар едіңіз?

– Театр сол 2001 жылдан бастап майда тақырыптарға ауысып кетті, өресі төмендеді, талғамы саяз. Көбінесе жетім-жесір, сорлы-бейшара тақырыбындағы көз жылататын шығармалар сахналанып жатыр. Спектакльдің деңгейі сондай болғаннан кейін актерлер де жарқ етіп көріне алмайды. Бірақ талантты жастар көп. Мен сізге бір қызық айтайын: «Жаңа спектакль қоятын болдық. Сондағы рольдерге актерлер былай бөлінді» деп, планеркада тізім оқи бастаса, жаңағы жастар «құдай-ай, мені алмаса екен» деп тығылады кәдімгідей. Себебі режиссердің жұмыс істеу тәсілі де, драматургия да ұнамайды. Жаны қабылдамай тұрады оны. Сосын қашады, Құдай бар, үстелдің астына кіріп кете жаздайды.

– Бұрын роль ойнауға, бірінші құраммен шығуға таласатын еді ғой?

– Иә. Таласып жүретін. Қазір ондай жоқ. Қашады. Амалдың жоқтығынан және ертең жақсы болып қалар деген үмітпен ғана жүр көбі. Репетициядан шыққанда көремін, жастар шаршап, күйзеліп, қор болып шығады, қажырланып, қайраттанып, шабыттанып шықпайды. Мен өзімнің көрген-білгенімді айтып тұрмын. Бұл – театрға деген жаулығым емес, жанашырлығым…

– Осындай жағдайлардан кейін сізге өз театрыңызды ашу туралы ой келмей ме?

– Шынымды айтсам, қалай төзіп жүргеніме өзім де таңғаламын. Бірақ мені сақтап келе жатқан адалдығым шығар. Аярлыққа бармадым, біреуді көреалмаушылық деген менде болмады. Басшы болсам да, қосшы болсам да, жолдастарыммен қатар жүріп-тұрдым, жастарды бауырыма тарттым, ешкімге жамандық жасағам жоқ. Өз басым жетпіске келдім екен деп, шапан киіп алып төрде отырғанды ұнатпаймын. Басқа бірдеңе істермін деп жүргенде, Қолғанат Мұраттың «Қуыршақтар» деген пьесасын көріп қалдым. Заманның теперіштерін көретін өнер адамы туралы, астары терең, жақсы дүние екен. Соны ұнаттым. Бұл жерде дайындатпайтынын білем. Сөйттім де, Таразға, өзімнің ауылыма бардым. Жамбылдың режиссері Қуандық Қасымов екеуміз театрдың фойесінде, әр жерде жасырынып жүріп сол спектакльді дайындадық. Сөйтіп, заңды түрде, облыстық театрдың сахнасын жалға алып, ақшасын төлеп, алғашқы премьерасын сонда өткіздік. Әрине, шенеуніктердің ешқайсысы келген жоқ. Екі күн бойы халық толып отырды залда. Бұл тек сюжет қуалайтын дүние емес, элиталық, эстетикалық деңгейі биік спектакль болып шықты.

– Оны Алматы жұртшылығы көре ала ма?

– Негізі, мен 70 жылдығымды тойлайын деген жоқ едім. Шәкірттерім – Азамат Сатыбалды, Мақсат Рахмет бастап, барлығы: «Бұл – бізге сын. Тойыңызды біз жасаймыз» деп дайындалып жатыр. Менің өзі жүз шақты шәкіртім бар, әрқайсысы әр жақта жемісті еңбек етіп жатқан, атақ-абыройы да бар жастар. Солардың мына директордан: «Кіші залды беріңіз, Тұқаң ойнасын. Сізден ештеңе қажет емес, барлығын өзіміз жасаймыз», – деп, сұрап жүргеніне он күн болды. Бермейді. Сыдыртып, «қазір бос емес, қарашаның аяғына қарай көрейік» дейтін көрінеді. Бермейтінін білді де, балалар қазір басқа жақтан сахна іздеп жатыр. Маған «шақыратын адамдарыңыздың тізімін беріңіз. Қалғанының бәрін өзіміз көтереміз» деді. «Қой» десем, қоймады.

– Әдетте театр өз қайраткерлерінің мерейтойын өзі бас болып ұйымдастырып атап өтпеуші ме еді?

– «Ананың бәлен жылдығы», «мынаның түген жылдығы» деген әңгіме қазір де жиналыста апта сайын айтылып жатыр. Бірақ мен туралы ләм-мим демейді. 2 қазанда – маусымның ашылуы. 2-сі және менің туған күнім. Көресің, ол күні жиналыс жасамайды. «Маусымның ашылуы» деп, әңгіме соған ойысады да, мені ұмыттырады. Бірақ оның маған келіп-кетері жоқ. Кінәламаймын да, ренжімеймін де. Асхат Маемировтың бағалағаны маған бір тиынға керегі жоқ. Ол маған Нұрмұхан Жантөрин, Әзірбайжан Мәмбетов, Сүйменқұл Шоқпаров, Әнуар Молдабеков емес табынатын, өзімнің құрдастарым Әнуар Боранбаев, Әшірәлі Кенжеев сияқты тұлғалар емес. Кім ол маған?! Министрдің бастық қып отырғызып қойған адамы. Отыра берсін. Ал мен далада қалған адам емеспін. Осы театрға еңбек еткен адаммын. Актермін. Ал өз актерін көзге ілмесе, ол – өз шаруасы.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Роза Қараева

«Жас Алаш» газетінің рұқсатымен жарияланды

 

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары