24.10.2018, 09:50

Жезқазғанда «Қазақтану» жобасы аясында арнайы экспедиция болды

Жезқазғанда Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасы аясында облыстық экспедиция өтті.

Жезқазған-Ұлытау өңірлерінде алты күнге жоспарланған бағдарламада ұлттық дәстүрден сыр шертер түрлі жанрдағы шығармалар бар. 30 адамнан тұратын экспедиция мүшелерінің арасында облыстық этномәдени орталықтарының жастар қанаты өкілдері және Жезқазған өңірінің студенттері бар.

Алғашқы күні ҚХА мүшесі, Жезқазған қаласы қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары Зинаида Чумакова тарихтан мысал келтіріп, Жолдаудан үзінді беріп, жастарға артылып отырған сенім мен үміттің зор екенін жеткізді.

Шара шымылдығы қазақтың салт-дәстүрлерімен ашылды. «Қыз ұзату», «Келін түсіру» «Беташар» тойы көрсетілді. Көпшілік киіз үйдің құрылымымен танысты. Экспедиция мүшелері әсіресе, ауылдың алты аузын айтқан әжелердің өнеріне тәнті болды.

«Батасыз құл жарымас, баталы құл арымас» деген дана халқымыздың тағы бір ғұрпы «Бата беру». Осының бәрі қатысушылардың көз алдында ұйымдастырылып, мазмұны мен әр жасалған ырым, салттың себебі қоса түсіндіріліп отырды.

Профессор Кания Тұрсынбаева Ұлытауды алдағы уақытта туризм ортасы ету, Жезқазған қаласының құрылу тарихы, өңірдегі өзекті нысандар жайлы мол мағлұмат беріп, қатысушылармен пікір алмасты.

Жоспар бойынша Академик Қ.И.Сәтбаев атындағы және Жезқазған тарихи-археологиялық музейін аралаған экспедиция мүшелері Ұлт ұясы – Ұлытауға саяхат жасады.

Ұлытаудың киелі жерлерін аралаған экспедиция мүшелері бұдан соң бауырсақ басып, пісірсе, ер жігіттер қой сойып, оның мүшелеп, әр жілік пен мүшенің қандай жағдайда тартылатынын, кімге ұсынылатынын үйренді.

Бағдарлама танымдық іс шараларға толы болды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан тамыр тартқан бұл жоба қазақ мәдениетін, тарихын, философиясын, сондай-ақ қазақ халқының құндылықтарын насихаттауға бағытталған.