С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрының 47 маусымы А.Коровкиннің «Тәтелер» (комедия-фарс) спектаклімен ашылды.
Туындының қоюшы режиссері - Мируана Жанботаева, қоюшы суретшісі - Қуат Дүйсенбек, музыкамен көркемдеген - Үмітай Абдулаева.
Бұған дейін К.Ахметовтің «Шырақ», Э.Шмиттің «Тәңірге хат», А.Волковтың «Меруерт шаһарының сиқыршысы», Р.Ибраеваның «Бәйтерек» сияқты тарих драма, драма, ертегі сияқты спектакльдер қойған режиссердің бұл комедия-фарс жанрында.
Оқиға апалы-сіңлі екі зейнеткер тұрып жатқан үйдің айналасында өрбиді. Бұл шаңырақ қатардағы үйлердің бірі емес, Генриетта (Мәдениет қайраткері Зилиха Абдрасылова) мен Розалия Краузеге (Мәдениет саласының үздігі Сәбира Бегайдарова) аталарынан мұра боп қалған тарихи құнды мекен-жай. Оның үстіне қаланың орталығында орналасқан. Ал осындай үйді барлығы иемденіп қалғысы келеді емес пе?! Көп мөлшерде ақша қамтып қалуға даяр туыстар - Роберт (Мәдениет қайраткері Ерке Бәйдешев), Эрик (Мәди Сәденов, Нұржан Бейісбеков) те, байғұс қарияларды алдап тақырға отырғызып кеткісі келетін алаяқ Бабакин (Кенжетай Абильдин) де. Сонымен қатар Инга (Гауһар), учаскелік милиционер Кувыкин (А.Джарқынбеков) де оқиғаны шиеленістіре түседі.
Оқиға көрерменге күлкі сыйлағанымен әп сәтте тұңғиық ойға да шомылдыра кетеді. Актерлердің шеберлігі де спектаклдің соңына дейін жұрттың ым-жымсыз отыруына себеп болды. Осылайша премьера аншалагпен өтті.