Өзін «той әншісі» деп сынағандарға әншілік мүмкіншілігін дәлелдегісі келген Асхат Тарғын Алматыдағы Республика сарайында жеке концертін өткізбек. Алайда алғашқы ән кеші үшін қатты уайымдаған әншінің денсаулығы сыр бере бастапты деп хабарлайды 31 арна.
Әншінің сөзінше, жеке ән кешінің ойдағыдай өтуі үшін жанталасып жүгіріп жүргендіктен, аз уақытта 5 келі салмақ тастаған. Тіпті, қан қысымы көтеріліп, есінен танып құлап қалыпты.
«Система алып, дәрігер маған сөйлеп, уайымдауға болмайтынын айтты. Қазір қалпымызға келдік», – дейді әнші.
Асхат мырзаның айтуынша, денсаулығының сыр беруіне себеп те жоқ емес. Ән кешін ұйымдастыру барысында түрлі қиындық туындаған.
«Басында сарайдың уақыты келмей қалды. Бір күнді белгіледік, ол болмай қалды. Басқа күнге ауыстырдық, ол күндері дуэт айтатын әншілеріміздің уақыты сәйкес келмеді. Басқа да ұйымдастыру жағы болмай қалған кезде кішкене уайымдағанмын», – дейді Асхат Тарғын.
Десе де әнші ештеңеге қарамастан 15 қарашада Алматыдағы Республика сарайында жеке ән кешін өткізіп, «той әншісі» деп сынағандарға өзін дәлелдегісі келеді. Концерт барысында ол 25-ке тарта жаңа әнін шырқамақ.
Дереккөз: Stan.kz