Димаш Құдайберген «Qazaqstan» телеарнасынан шығатын «Парасат майданы» бағдарламасында Дана Нұржігітке эксклюзивті сұхбат берді. Ол болашақ жарын ата-анасының, ата-әжесінің жанында тұратынын және ешқашан гастрольдік сапарларға бірге алып жүрмейтінін айтты.
Ерекше дауыс иесі, алты Алашты аузына қаратқан әнші өзінің армандарымен қоса, болашақ жарына қатысты талаптарымен де бөлісті.
«Мен қай елде жүрмейін, менің болашақтағы жарым міндетті түрде ата-әжесінің, ата-анамның қасында жүреді. Сол кісілердің қасында тұрады. Бөлек тұру... қызғанамын мен. Үйдегі үлкен кісілерді артымдағы Мансұрға беріп қоймаймын. Ата-әжемді де, ата-анамды да қызғанамын, бермеймін. Мансұр өссін.
Менің арманым барлық бауырларымыз, ағайындарымыз, ата-әжелеріміз, үйдің үлкендері. Үлкені бар үй – қазыналы үй деп айтады ғой. Мен өз қазынамнан айрылғым келмейді. Бірақ, ініме де тілекшімін. Оған да бергім келеді. Сол себепті, ініммен бірге, бауырларыммен бірге бір үлкен ошақ басында ұзақ ғұмыр кешсек қой деп армандаймын», – деді Димаш.