Ұлттық домбыра күні елімізде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен биыл екінші мәрте атап өтілуде.Осыған орай, Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қасиетті домбыра» атты акциясын ұйымдастырды.
Шара барысында Қарағанды облыстық Ассамблеясының өкілдері Қарағанды, Теміртау, Жезқазған қалаларында осы күні дүние есігін ашқан бірнеше сәбилерге ҚХА логотипі бар домбыра сыйлады.
Атап айтсақ, Жезқазған Аналар кеңесінің төрайымы, абзал ана, құрметті азаматша Зинаида Чумакова, қоғам белсенділері, қайырымгерлер мен меценаттар Бекзат Алтынбеков, Михаил Георгияди, Алексей Ломакин, Көңілбай Шүкенов, этномәдени бірлестік өкілдері, Шамиль Осин мен Зеновия Красивская жас босанған аналарды құттықтап, шақалақтарға денсаулық тілеп қайтты.
«Бүгін біз осындай маңызды күнді атап өткенімізге шын қуаныштымыз. Домбыра – ежелден халқымыздың музыка мәдениетінің символы, ол әрқайысымыздың жанымызға жақын ұлттық кодымыз. Біз бүгінгі жас аналарға және олардың балаларына зор денсаулық пен бақыт тілейміз. Олар біздің еліміздің лайықты азаматтарын өсіріп, біздің дәстүрімізді, тіліміз бен рухани құндылықтарымызды ұрпағына жеткізе білсін», – деді Бекзат Алтынбеков.
«Мен бүгін түнде сағат 00.40-та ұлымды босандым. Қазір өзімді жақсы сезінемін. Баламыздың аты Ибрахим. Бүгінгі мерекені ұйымдастырушыларға,облыстық Ассамблеяға осындай құрметтері үшін алғыс айтамын. Бүгін еліміз үшін және отбасымыз үшін ерекше күн. Мен өте қуаныштымын, бұл оқиға отбасымыз үшін ұмытылмас оқиға болды», – дейді жас ана Нұргүл Зыкірина.