Алаяқтар танымал әнші Қайрат Нұртастың атын жамылып, қазақстандықтарды алдап жатыр, деп жазады Sputniknews.kz ақпараттық порталы. Бұл туралы оның анасы Гүлзира Айдарбекова хабарлады.
Алаяқтар әншінің атынан ақша, көлік және пәтер ұтысқа тігілетінін хабарлады. Ал кейбір аңғал желі қолданушылары парақшаның атын да оқымайтын көрінеді.
«Мына өтірік парақшалар біздің атымызды пайдаланып, жұртты алдауды табыс көзіне айналдырып алған. Былтыр жасаған жарнамамызды өз парақшаларына салып жатыр. Біздің жеке парақшамыздан көрмесеңіздер, сенбеңіздер», - деп жазды Гүлзира Айдарбекова.
Оның айтуынша, ақшасынан айырылып, шырылдап жатқандар көбеюде.
«Біздің нағыз парақшамызда көк «галочка» бар екенін ұмытпаңыздар», - деп ескертті әншінің анасы.