Димаш Құдайберген Сочиде "Новая волна" жас таланттар конкурсын "Olympic" әнімен ашты, деп жазады Sputniknews.kz.
Димаш Игорь Крутой жазған әнді композитордың сүйемелдеуімен орындады. Сондай-ақ Игорь Крутой академиясының хоры, Сочи симфониялық оркестрі және Сочи қаласының жастар хоры қолдау көрсетті.
"Димаш Құдайберген – Ресей, Қытай және әлем эстрадасының жаңа секс-символы", - деп таныстырды Димашты ән орындалып болған соң конкурстың жүргізушісі Андрей Малахов.
Конкурстың ашылу салтанатында Димаш Құдайберген тағы бір шығарма – "Mademoiselle Hyde" әнін шырқады.
"Бүгін Сочидегі бүкіл гүл Димаш үшін сатып алынған секілді", - деді жүргізуші гүлдің астында қалған Димашқа қошемет білдіріп.
Айта кетейік, "Новая волна" жас таланттар халықаралық конкурсы Сочи қаласында 24-29 тамыз аралығында өтеді. Димаш Құдайберген конкурс аясында өтетін Игорь Крутойдың мерейтойлық кешінде және байқаудың жабылу салтанатында өнер көрсетеді деп жоспарланып отыр.
Конкурста әлемнің 13 елінен келген жас әншілер сынға түседі.