Мұхит Сапарбаев – тележүргізуші, продюсер, отандық телеарналарда шыққан бірқатар бағдарламалардың авторы, жүргізушісі. YouTube желісінде де шулы, көп талқыға түсетін тосын жаңалықтарға толы, шоу бизнес өкілдеріне ұнай қоймайтын сұрақтарымен қызықты бағдарламалар жасап жүр. Медиатренердің өзінің Медиамектебі де бар.
Біраздан бері Мұхит Сапарбаев психология саласында да тренингтер өткізетінін айтып, өзін халықаралық деңгейдегі коуч ретінде таныстырып жүр.
Ең үлкен жаңалығы – жақында «Бақыт» атты психологиялық, мотивациялық кітабы жарық көрген. Тележүргізуші аяқ астынан қалай жазушыға айналып кетті? «Мұхиттың «Бақыты» кімдерге арналған? Мұндай кітап жазуына қандай жағдай түрткі болды?
Осы сауалдарды Сапарбаев мырзаның өзіне қойдық.
– «Мұхиттың «Бақыты» деген сөздің өзі адамды елең еткізеді екен... Кітабыңыздың аты затына сай ма?
– 100 пайыз сай! Кітап – бақыттың төңірегінде. Жер басып жүрген әрбір жұмыр басты пендеден «Не армандайсың?» – деп сұраңызшы, ойланбастан «Бақытты болу!» дейді. Бәрімізге ең басты керегі – бақыт.
Өмір бойы бақытты болуға ұмтылып өтеміз. Алайда қамшының сабындай қысқа ғұмырында біреу өзін бақытсыз сезініп өтсе, енді біреу бақытты ғұмыр кешеді. Ал адамның бақытты, бақытсыз болуы – тек өзіне ғана байланысты.
Бақыт – ата-анамда, баламда, отбасымда, сүйіктімде, денсаулығымда, жұмысымда, байлығымда деген сияқты, бақытты басқа бір дүниелерден іздейміз. Осылар тұтас болмай, өзімізді бақытты сезіне алмаймыз. Нағыз бақыттың өзінде екенін білген адам ғана ешнәрсеге қарамастан шын бақытты өмір сүрген болар еді. Қайта өзінің бақытымен бөлісіп, төңірегіне сәуле шашады.
Бақыттың ұшқыны тиген жер «жанады». Жер сілкінісі сияқты, бақыттың «ошағынан» толқындар тарайды. Бақыт вирус тәрізді «жұғады». Дәнін сеуіп, күтіп-баптасаң, бақыт қаулап өседі.
Сол сияқты мен де «Бақытыммен» оқырмандарыма бақыт таратқым келді.
– Өзге психологиялық кітаптардан ерекшелігі?
– Кітапты оқып отырған оқырманның ойын шаршатпауға, шашыратпауға тырыстым. Тың тақырыптарды қозғадым. Ең бастысы – шынайылығында, яғни кез-келген оқырманға ой салып, адамның өзінің, өмірінің өзгеруіне ықпал етпей қоймайтын өмірден алынған оқиғаларға негізделген. Былайша айтқанда, деректі кітапқа көбірек келеді.
– Кітапта қозғалған маңызды дүниелер?
– Жоғарыда айтқанымдай, бақыт және адамның өз жеке басының бағасын, қадір-қасиетін жоғарылатып, өмірдің құндылығын арттыру, Жоғарғы Менімен байланысқа түсіру, «кедейлік кодынан» құтылуға көмектесу, сепарация мәселесі, сонымен қатар, жалғыздыққа қарсы тұрудың, жақын адамдардың қарым-қатынасын нығайтудың, қиындықты жеңудің, байлыққа оңай жетудің жолдарына қатысты тақырыптар бар. Осыларды түгендей отырып, әрбір оқырманның БАҚЫТТЫ екенін ұқтыруға басымдық бердім.
– «Кітап шығару сәнге айналып кетті» деп жатады, Сіздің ойыңыз?
– Сәнге емес, санға мән беріп көрейікші... Қазақ тілді психологиялық, мотивациялық кітаптар бір мезетте жарық көріп жатқанымен, біздің кітап қорымызда осы тақырыптағы дүниелер өте аз. Қазіргі кезде қандай тақырыптағы кітаптар өтімді екенін білу үшін мамандар зерттеу жүргізген болатын. Сонда анықтағандары – бүгінгі аудиторияның басым бөлігін негізінен екі тақырып қызықтырады екен: бақытты, бақуатты өмір сүру мен қиындықтан шығудың жолдары. Демек, дәл қазір мотивация мен психологиялық кітаптар сұраныста. Ал «кітап жазу сәнге айналып кетті» деген сын – жекелеген адамдардың пікірі. Оның үстіне ілім-білім ешқашанда артық етпейді. Бір кітаптан бір адам керегін тапса – соның өзі жақсы.
Біреу сенер, біреу сенбес, менің мақсатым кітап арқылы ақша табу емес. Қазір мен рухани баюмен терең айналысып жүрмін.
Әлемге танымал коуч, психологтардан білім алудамын. Әлі де жалғастырамын. Көп нәрсеге басқаша қарайтын болдым. Өзім де, өмірім де өзгерді. Нағыз бақытымды таптым.
Ал қарапайым адамдардың барлығының коуч, психологтардың қабылдауына баруға мүмкіндіктері келе бермейді. Осы ретте кітаптан артық дүние бар ма?! Осындай жандар үйінен шықпай, кітаптың көмегімен мазалап жүрген сауалдарына жауап алып жатса, қайта қуану керекпіз. Кітаптың пайдасы болмаса, еш зияны жоқ.
– «Бақыт» оқырманның өмірін қаншалықты өзгертеді?
– 180 градусқа!
– «Бақытты» жазуды қашаннан ойладыңыз?
– Қолжазбам «сандықта» екі жыл жатты. Шынымды айтсам, жүрексіндім. Сөйтсем, гәп кітапта емес, өзімде екен, яғни мен бойымдағы қорқынышты жеңдім. Қалай жеңдім, «Бақытты» жарыққа шығардым.
– Тағы кітап жазу ойыңызда бар ма?
– Тағы кітап емес, «Бақыттың» жалғасын жазып жатырмын. Мен оқырманға алдымен терең ой салдым, енді әрекет етіп, одан кейін нәтиже шығаруға жетелеймін.
Дереккөз: KAZ.NUR.KZ.