$ 494.87  520.65  4.91

«Димаш үшін»: шетелдіктер қазақтың өнерін емес, өренін ғана қабылдай ма?

«Қазақтың үлкен сахнаға жарайтын есі дұрыс әні жоқ деген сөз ғой бұл... Негізі мақтанатын дүние емес екен...».

Қазақ халқының әлемдік деңгейдегі мақтанышы Димаш Құдайберген таяуда Токиода өткен ABU TV Song Festival 2019 халықаралық байқауына қатысты. Сол сәтте байқау ұйымдастырушылары қазақ ұлтының намысына тиетін қателікке жол беріп алды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ол қателікті өзіміздің БАҚ та аңғармай, тек Димашқа көрсетілген құрмет-қошеметке «қол соққан» бір сарынды ақпарат таратты да қойды.

«Токиода өткен Азия-Тынық мұхиты елдерінің ең үздік әншілері қатысқан бұл байқауға шамамен 20-дан аса елдің ең мықты әншілері қатысқан. Байқау шарты бойынша әр елден келген әнші өз ана тілінде ән салуы керек болатын. Солай болды да. Тек Димашқа ғана ерекше ілтипат көрсетіліп, басқа тілде ән салуға мүмкіндік берілді. Әрине, Димаш бұл мүмкіндікті қалт жібермей, жанкүйерлері қалаған әрі өзінің байқауларда бағын ашқан S.O.S d'un terrien en détresse француз әнін орындады» деген бір мәтін барлық сайтта жүр.

Журналист Бүркіт Нұрасыл ғана аңғарымпаздық танытып, facebook парақшасына сол ақпараттардың бірінен сілтеме салып: «Қазақтың үлкен сахнаға жарайтын есі дұрыс әні жоқ деген сөз ғой бұл... Негізі мақтанатын дүние емес екен...» деп жазды.

Иә, «байқау ұйымдастырушылары Димаш үшін өз шарттарын өзгертіп, оған үлкен құрмет әрі ерекше ізет көрсетті» деген жалпақшешейлікті малданып отыра беру әбестік болар. Жапон төріндегі өнер иелері Димаштан өзге де әлемге әйгілі әншілерге өз ана тілдерінде ән шырқауға мүмкіндік беріп тұрғанда, неге жалғыз оның көмейінен қазақтың бір халық әнінің шыққанын қаламады? Шартты қазақ баласы үшін ғана өзгертіп, одан өз ұлтының емес, айдаладағы бір француздың әнін орындауын күткендей талаптың астарында не жатыр? Демек, Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Иман-Жүсіп, Жаяу Мұса, т.б. халық композиторлары классикасының әлемдік сахнаға жарамсыз болып тұрғаны ғой?..

«Өз өзіңді жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» дегендей, бұл ретте Димашқа «жоқ, мен де өз ана тілімде бір ән орындайын» дегенді айтқызатын мықты менеджер жетіспей тұрған сияқты.

Ол концерт бүгін «Хабар» телеарнасынан көрсетіледі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары