$ 514.65  544.6  5.17

«Қазақты жерге тыға берудің қажеті жоқ!»: «Бизнес по-казахский в Корее» фильмі қызу талқылануда

«Бір ұнағаны – ассамблея мүшелеріне де әдемі месседж бар, Қазақстанды бағала дейді. Қала қазақтарына ауылыңның қадірін біл дейді».

Журналист Бауыржан Карипов Нұрлан Қоянбаевтың өз қаражатына түсірген «Бизнес по-казахский в Корее» фильмінің мақтауын келістіріп отыр. Ал тағы бір әріптесіміз Алмат Әбдіраман оны «көруге тұрмайды» деген пікірде, деп жазады Skifnews.kz ақпараттық порталы.

Алдымен Бауыржан Кариповтың facebook парақшасындағы пікіріне тоқталсақ, ол былай дейді:

«Отбасымызбен күтетін бір фильм бар, ол – «Бизнес по-казахский». Әсіресе, балалар жақсы көреді. Кореясы Африкасынан да сәтті шығыпты. Сценарийін экс-жайдарманшы екі жігіт Түркияның Измир қаласында жазған. Тәнті болдық. Фильмнен түсінгеніміз, қазақ бизнесі өскен, роботтанған. Бұрынғыдай алып-сатар жоқ. Автоматизация мен «қара күш» күресінің басталғаны суреттеледі. Түсінген адамға «Болашақта айналаңды роботтар басады. Қазірден дұрыс жұмыс істемесең, оқымасаң, аш қаласың» дегендей месседж бар».

Оның аңғаруынша, фильмнің басы-қасында жүргендер «туысқан үшін тау қопаруды кірген адам шықпайтын, шыққан адам қайта кіре алмайтын «тотолитарлық жүйенің гималайы» Солтүстік Кореямен керемет үйлестірген». Туысқанға бір сағат қана ренжуге болады деген «ақылы» да біздің қоғам үшін қажет көрінеді.

«Бір ұнағаны – ассамблея мүшелеріне де әдемі месседж бар, Қазақстанды бағала дейді. Қала қазақтарына ауылыңның қадірін біл дейді. Енді осының бәрін әдемі әзілмен, юмормен жеткізген. Ботокс, Ninety, кәріс сериалдары, хайп, үйрек... көп общем», - деп «тамсанып» отыр жазба авторы.

Осылайша, ол Қоянбаев бастаған шығармашылық ұжымға алғыс білдіріп, «Мен үшін жылдың ең үздік екінші фильмі. Әлбетте, Рашид Сүлейменовтің «Зеркаласына» бірінші орын», - деп түйіндеген пікірін.

Алайда, Алмат Әбдіраманның facebook парақшасында оған мүлде кереғар пікір жазылған. Ол салған жерден: «Бардық. Көрдік. Ұнамады. Осы жетеді. Одан әрі қарай енді түсірудің қажеті жоқ. Залда небәрі он адам болды. Билетке жұмсаған ақшам мен бір жарым сағат уақытым текке кетті», - деп күйіне кеткен.

«Өз ақшасына түсіргенін ұқтым. Біріншісі, екіншісі тәп-тәуір шыққан. Тіпті, Нұрланға хабарласып, мақтағанмын. Ал мынауы енді демеушінің жоқтығынан, не сценаристің фантазиясы біткеннен «біткен» фильм болыпты. Фильм деуге келмейді...

Бір-ақ ауыз сөз, жалпы ұнамады. Логика жоқ. Айтпақшы, тек ең соңында кәріс атаның картинаны алғандағы тұсы әсерлі. Расын айтсам, көргеніме үш сағаттан асты, ал есімде сақтайтындай дәнеңе қалмады. Кәріс атадан басқа», - дейді Алмат Әбдіраман.

Оған пікір қалдырған желі қолданушылардың бірі Амантай Исин: «Тілімізге, өнерге жат, талғамы нашар сайқымазақ нәрселерді көптеп тарату телевизиядан ауып, біздің киномызды да қор еткен», - деп кіжінсе, Түсіпбек Сұлтанбек деген азамат та: «Маған да ұнамады. Қай ақымақ роботпен «раз на раз» шығады? Күлдіру деген осы екен деп, қазақты жерге тыға берудің қажеті жоқ!» - деп, жазба авторының сөзін құптайтындығын аңғартты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары