$ 494.87  520.65  4.91

«Біздің елде мәдениет өте төмен»: Санкт-Петербургте оқып келген жас режиссер отандық фильмдерді тойға теңеді

Жалпы комедия жанры аса қиын емес. Өйткені ол жерде кәсіби актер таңдап қажеті жоқ. Ал басқа жанрлар: драма, мелодрама, қорқыныш, фантастика фильмдерін түсіру үшін арнайы білім, тәжірибе керек.

Қазақстандық режиссерлер неге өз елімізде білім алғысы келмейді? Біздікілер не себептен шетелдік мамандарға көбірек жүгінеді? Бұрынғы КВН-ойыншылары мен әншілердің жаппай комедиялық фильм түсуріне не түрткі? Бұл туралы Stan.kz-ке Ресейдің мәдени астанасы Санкт-Петербургте режиссер мамандығын оқып келген Жандос Тұрсынұлы әңгімелеп берді.

Санкт-Петербургта оқып келген Жандос Қазақстанда әлі де мәдениеттің төмендігін айтады. Өнерге, театр мен басқа мәдениет орындарына деген қызығушылықтың болмауы жерлесіміздің көңіліне кірбің ұялатады. Бұл күнделікті өмірде, қарым-қатынаста да білінеді екен. Ал Ресейде, мәселен, ешкім біреудің өміріне араласуына қақысы жоқ екен. 

«Ресейде мәдениет өте жоғары. Халық театрға, концертке, музейге көп барады. Ал бізде театрға өмірі бармағандар бар. Тіпті қызықпайды да. Десек те біздің халық ол жақтағылармен салыстырғанда талантты болып келетін сияқты. Ресейде бәрі бар, халық ештеңеге ұмтылмайды. Ал бізде жетіспейді, бірақ адамдар жоқтан бар жасайды. Бір кемшілігімізді айтайын, біздің елде мәдениет әлі де төмен. Мысалы, бізде адамдар өте ашушаң. Көшеде сөзге келіп қалса, бір-бірімен жұдырықтаса кетеді. Қызба қанды халық сияқтымыз. Ал Ресейде көше ортасында төбелес шығарған адамдар жоқтың қасы деуге болады. Ол жақта ешкім біреудің өміріне араласпайды, жеке территориясына кірмейді. Бәрі өз шаруаларымен жүреді. Бізде болса, бір адамға жабылып, оның жер жебіріне жетіп жатады. Былайша айтқанда, Қазақстанда әлі де ауыл мәдениеті қалып қойған. Көп адамдарымыз әлі күнге дейін қала өміріне үйренбеген. Өйткені біз біреу шашын бояса, ашық киінсе де сөйлейміз», – дейді режиссер.

«Елімізде шетелдік мамандарды шақыруға неге құмар?» деген сауалға режиссер қазақ менталитетінен көреді.

«Қазір Қазақстанда бұрынғымен салыстырғанда режиссерлық курстар әлдеқайда жақсарып қалды деуге болады. Петербургте білім жақсы беріледі, бізде дұрыс емес деп те айта алмайсың. Өйткені білім алу адамның өзіне байланысты. Бір институт немесе университетті жақсы, жаман деп ажыратуға болмайды. Мысалы, Гарвард университетін барлығы мақтайды. Өйткені ол жерге тест арқылы тек білімді адамдарды ғана таңдап алады. Бірақ сіз шетелде оқыдыңыз ба, өз елімізде білім алдыңыз ба - онымен шектелмеу керек деп ойлаймын. Біздің Қазақстанда шетелде оқып келді десе болды, соны білімді санайды. Ал өзіміздің мамандарға менсінбей қарайды. Ол дұрыс емес. Сол себептен де елімізге Ресейден, Украинадан мамандар шақырып, бәленбай ақша төлейді. Бұл өзімізге деген комплекс пе, әлде менталитетке байланысты ма білмедім. Барлық білімділер Мәскеуде немесе басқа елдерде деп ойлайды. Біздікілер Украинадан келген мамандарға аузын ашып қарап жатады. Бірақ солардан украиналықтарда қандай керемет фильмдер бар деп сұрағым келеді. Мүмкін олар көріп жүрген шығар, бірақ мен көрген емеспін. Әйтпесе отандық өз өнімдеріміз де бар ғой», – дейді режиссер.

Режиссер комедиялық жанрдағы фильмдер аса еңбекті талап етпейтінін айтады. Оның сөзінше, еліміздің киноиндустриясында КВН ойыншылары тым көп. 

«Отандық фильмдер жаман емес. Кейбіреулер «біздің нарық комедияны көп көреді» деп ойлайды. Бірақ мүлдем олай емес. Өйткені біздің көрермен шетелдің қорқыныш, атыс-шабыс, фантастика, драма киноларын көруге де ағыл-тегіл барып жатады. Тіпті кей қазақтарымыз бала-шағасымен бірге қорқыныш фильміне бара береді. Соңғы уақытта неге комедиялық фильмдер түсіруге әуес болып кеттік? Өйткені киноиндустрияда КВН ойыншылары көп. Олар комедия түсірмегенде, басқа қандай жанр ұсына алады? Біздің нарық үшін түсіріп жатқан кинолары жаман емес. Жалпы комедия жанры аса қиын емес. Өйткені ол жерде кәсіби актер таңдап қажеті жоқ. Ал басқа жанрлар: драма, мелодрама, қорқыныш, фантастика фильмдерін түсіру үшін арнайы білім, тәжірибе керек», – дейді жігіт.

Айтуынша, қазақстандық актерлердің тәжірибесі аз. Ал ресейліктер үнемі өздерімен жұмыс істеп, бір-бірімен тәжірибе алмасып отырады екен. Өйткені ол жақта нарық үлкен. 

Нұрлан Қоянбаевтың түсірген комедиялары жаман емес. Оның фильмдері өз бюджетін ақтай алады. Кино түсіру оңай жұмыс емес. Сол себептен біреудің еңбегін жоққа шығарғым келмейді. Бірақ Нұртас Адамбайдың киноларын қарап отырсаң, ол тоймен көп айналысатын адам сияқты. Сол себептен фильмдері тойға ұқсайды. Мүмкін тақырыптары бөлек шығар, бірақ бір-бірін қайталаған сияқты көрінеді. Ал «Тараз» фильмі жаман емес. Дегенмен оны түсіруге асығыстық жасаған сияқты. Сол үшін кішкене шикі шыққан», – дейді режиссер.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары