Белгілі журналист Арман Сқабылұлы «аңқау елге – арамза молда» болып, әлеуметтік желілер арқылы лотерея ойнатып жүрген әншілерге тағы да шүйлікті, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Алаяқты «алаяқ» дегеніміз үшін сотпен «қорқытып» еді-ау сол алаяқтар. «Абайлаңыз! Алаяқ лотерея!» дедік. Тыңдамады. «Айдың нұры ма, әлде ұры ма?» дедік. «Ертоқымдарын бауырларына алып тулап» қоя берді. Тағы да тыңдамады. Өздерінің айтуынша, қайырымдылық жасап жатыр екен-мыс» деп жазды ол facebook парақшасына.
Бұлай дейтіні, әріптесіміз осының алдында да: «Инстаграмды кезіп жүрген Айнұр Тұрсынбаеваның індетпен күресіп жатқан халықты алдап, ақша жинауын өз басым соғыс кезіндегі «мародерлікпен» салыстырар едім. Ал ол кезде алаяқ пен ұрыға аяушылық болмаған. Жалғыз Тұрсынбаева емес, Құралай ханым (Ошақбаева), Сара Тоқтамысова, Кәмшат Бекжігітова деген «интернет әулиелердің» осындай жарнамаларынан көз сүрінеді. Мұндай қиын-қыстау сәтте елдің «ыбырайы» барын халқына беріп жатса, біздің «ыбырай» сұмырай болып, халқын тонауда. Өртеніп жатқан үйдің отына шылымдарын тұтатып әлек. Ашкөздіктің арты жаман болатынын ұмытпасаңдаршы, «әулиелер»!», - деп ашынған еді.
«Біреуі құрыққа түсті деген хабар тарап жатыр. Енді тоқтам болатын шығар? Әй, қайдам! Қазір ғана инстаграмды аралап қайттым. Өріп жүр. Алаяғың да, аузын ашып, оңай «сыйлық» ойлаған аңқау халқым да түк болмағандай бірі алдап, бірі алданып, лотереяның қызығын кіріп кетіпті.
Мейрамбек Бесбаев інімнің араша сұраған жазбасы көзге шалынды. Қорғау керек шығар, қасиетті айда кешірімді болған да дұрыс болар. Бірақ, заңды қайтеміз? Бұл енді жәй ғана «лотерея» емес! Бұл – экономикалық қылмыс! Әлі де кеш емес! Қойсаңдаршы!» - деді бұл жолы.
«Жартасқа бардым, күнде айқай салдым, одан да шықты жаңғырық» дегендей, интернетті игерген «заманауи алаяқтарға» сөз де өтпейтін, заң да жүрмейтін сияқты көрінеді осындайда. Кім білсін, бәлкім БАҚ арқылы осылай үн қатушылардың қатары арта түссе, құзырлы органдар тарапынан Қылмыстық кодекстің «алаяқтық» бабы да жиі парақталатын болар...