01.05.2020, 01:40

«Жұлдыздардың» иттерінің ылыққанын да көрсетіп жатсақ, таң қалмаңыз!» - Арман Сқабылұлы

фото: kaztube.kz
«Әжетхананың ішінен репортаж жүргізбесек те өзіміз ойлап тапқан «жұлдыздардың» іш киімінiң түсіне дейін біліп отыратын болдық», - деп қынжылды әріптесіміз.

Журналист Арман Сқабылұлы бүгін facebook парақшасына өздерін «жұлдыз» сезінетін әншілерге бағыттап кезекті бір сынын жарқ еткізді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Соңғы күндері «жұлдыздар» төңірегінде дау-дамай өршіп тұр. Әнебір әншінің лотерея «аферасы» шыдамның шегін үзіп жіберді-ау деймін. Бүгін бір арнада оларды жұлдыз емес, шегірткеге теңеп жатты. Жалпы, оларды «жұлдызға» теңеу дұрыс па? Ол теңеу қайдан шықты?» - деп ортаға сауал тастаған ол, өзінің осыдан 5-6 жыл бұрын осы мәселеге байланысты дабыл қаққанын еске салып қойды.

«Тыңдар құлақ болмады. Оқи отырыңыздар!» - деп, бұл жолы да сол жазбасын қайта жариялауды ұйғарған екен. Тақырыбы «Жұлдыздардың» иттерінің ылыққанын көреміз әлі...» деп аталады. Ал, ендеше, оқи отырыңыздар!

«– Бұлбұл әнші Бибігүл Төлегенова өзін «жұлдыз» емеспін деп есептейді, -деді маған бүгін бір ағамыз. – Атағы жер жарған Роза Рымбаева да, елінің еркесі Мақпал Жүнісова да солай деп отыр. Сонда қалғандарына «жұлдыз» деген атауды кім жапсырып қойған? Өздері ме?

– Қайдан білейін, - деп иығымды қиқаң еткіздім. Шынымен де бұл мәселені ойланған жоқ екенмін. Ағам өз сауалына өзі жауап берді.

– Оны ойлап тапқан, болсын, болмасын әркімге жапсыра беретін сендер – журналистер ғой. Қаптап кеткен «жұлдызды» бағдарламаларды кім жасап жатыр екен? Сенбесең, атауларын қарашы! «Жұлдызбен жүздесу», «Жұлдызбен тілдесу», «Жұлдызбен ...у» болып кете береді. Аты солай болса, оған қатысқан адам да жұлдыз болып шықпай ма? Газет, журналдың атауы да солай. Енді жүріңдер олардың т...н, с...ндерін аңдып.

«Соңғы сөздеріңіз артықтау, аға!» дегім келіп, тілімді тістей қойдым. Оған да жетіп қалған екенбіз ғой. Әжетхананың ішінен репортаж жүргізбесек те өзіміз ойлап тапқан «жұлдыздардың» іш киімінiң түсіне дейін біліп отыратын болдық. Сенбейсіз бе? Кешелі, бүгінгі «жұлдызды» жаңалықтарды қарай салыңыз.

Әнебір әнші қызымыз әлдебір атақ алып, ұланасыр той жасапты. Жасай берсін-ау, енді тойдан түскен ақшаны суретке түсіріп, «осынша көрімдік алдым» деп мақтануда. «Түк көрмегендей» дейсің енді мұндайда. Ұят-ай! 

«Ойбай, әнебір әнші төбетіне қалыңдық іздеп жатыр» деп жар салды бүгін тағы біреу. Бізді төбетке қаншық тауып береді дей ме екен? Ағам дұрыс айтады. Ертең біз сол «жұлдыздардың» иттерінің ылыққанын да көрсетіп жатсақ, таң қалмаңыз! Өйткені ол да «жұлдызды» жаңалық қой».

Бұған өз тарапымыздан бір ғана алып-қосарымыз, «жұлдыз» деген сөзді қазақ тілі қолданысына біздің орысшадан аударма жасап қана жан бағып жүрген кейбір әріптестер әкеп таңды. Неге десеңіз, орыс дикторларының «южная столица» деп сұңқылдап отыратынын көріп алып, Алматыны осы Арман ағамыздың өз буыны «оңтүстік астана» деп жүр әлі.

Сол сияқты, Ресейдің мемлекеттік тіліндегі «Звездный шоу», «эстрадная звездалары» қазақ экранында қалай болса солай «Жұлдызды шоу», «эстрада жұлдызы» болып қайталана бастады. Кейін соған құлағымыздың еті өліп, санамызға да, саламызға да тұрақты қалыптастырып алдық. Солай емес пе?..