Лотерея ойнатам деп, басы дауға алған әнші Ернар Айдар не себепті алданып, ұтыс ойнын ұйымдастырушыларға сеніп қалғаны, ақшаға қызыққаны жайында сұхбат берді, деп хабарлайды Stan.kz «TalkLike» жобасына сілтеме беріп.
Сұхбатта әнші болған жағдайды бастан-аяқ айтып берді, кеткен қаражат халыққа қайтарылуы, жүлде қорлары не үшін ауысқаны жайлы және басқа да сұрақтарға жауап берді.
"Бүгін сұхбатқа халыққа шындықты айту үшін: қалай болғанын, қалай алданғанымды айтып беру мақсатымен келдім. Оспанов Азат, Темірбек Ернар ұтыс ойынын ұйымдастырушылар маған нотариалды түрде келісімшартқа отыратынымызды айтты, бастапқыда бірден келіспедім. Жібі түзу, керемет қазақтың жігіттері, алдайды деп сенбейсің. Алдауына сенім қалдық қой. Ұтыста қайырымдылық та жасаймыз деді, сондай сөздерден кейін қалай сенгенімізді білмей қалдық", - дейді әнші.
Әншінің сөзінше, ақпан айында келісілген ұтыс ойыны сәуірде өтуге тиіс болған.
"Осы екі жігіт маған ақпан айының басында келді. Негізгі ұсыныс: Мен тек ұтыс ойынының рекламасын жасап беруім керек деді. Алты видео түсіруі қажет болды, олар маған үш видеоның ақшасын бірден салып жіберді. Үш видеоға 3 миллион теңге: әр видеоға бір миллион теңгеден салып жіберді. Келісімшартқа отырдық, екі жақты қол қойылған және онда егер ұтыс ойыны дұрыс болмай қалған жағдайда сол ұйымдастырушы топ жауап береді деп жазылған, бұл менің ролигімде де айтылды. Ұтыс ойыны әділ өтетініне Темірбек Ернар кепілдік берді. Кейін белгілі болғандай, лицензияны Темірбек Ернар видеода теріс көрсеткен, ал шын мәнінде ондай лицензия берілмейді екен.
Ернар Айдар ұйымдастырушы жаққа сеніп қалғаны сонша, олармен жасасқан келісімшартқа, видеоларында түсірілген көліктерге мүлдем мән бермегенін айтады.
"Жігіттерге сеніп қалғаным соншалықты лицензияны ашып, дұрыстап, оқып қарамағанмын. Өзімнің сеніп қалғаныммен қоймай, үйдегі ағамды да сендіріп жібердім. Қазір бәрін қарап отырсам, ұйымдастырылған екен. Ұтыс ойыны 1 сәуірге жоспарланған. Мен оған қатысуым қажет болмады.
Екінші видеролик Romance Palace мейрамханасында өтті. Сол кезде жігіттер маған ұтыс осы жерде өтетінін айтты, мен оларға сендім. Осы кезде лицензия туралы сұрадым, жігіттердің бірі оны алып кетуге үйіне кетті, менің ойымда ештеңе жоқ, тіпті лицензияны күмәнданып сұраған жоқпын", - деп еске алды Ернар Айдар.
Әнші видео түсірілімдегі көліктердің ауысып кетуі, әр түрлі пәтерлердің фотоларын көрсету оған ешқандай күдік тудырмаған, себебі оны алдап соққан жігіттер оның сеніміне әбден кіріп алғанын айтады.
"Гонорарды алдын ала беріп, ақшамен қызықтырып, түпкі мақсаты сендіріп алу болды. 1 сәуір күні болуы керек болған ұтыс ойыны карантиннің салдарынан болмай қалды.
Менің атымнан бірнеше ұтыс ойыны парақшалары ашылды: бір бұзылып, бір ашылып жатты. Маған бастапқыда барабан арқылы ойнатамыз деп айтты. Карантин жарияланған соң, онлайн ойнатамыз деп шештік. Көпшілігі онлайн форматқа наразы болғандықтан, маған да, жігіттерге де комментарийлер келе бастады. Жігіттер карантин 15-де ашылады, ұтысты 20 сәуірде ұйымдастырайық, сол кезде мейрамханаға шақырып берейік деді. Ұтысты өздерің ұйымдастырып, барлығы сыйлықтарын алған соң, соңында келіп халыққа екі-үш әнімді айтып кетейін дедім", - дейді ол.
Оның сөзінше, аузындағысын беріп қоятын, ондай бір аңқау емес, бірақ ұтыс ойынына келгенде ештеңе мән бермеген.
20 сәуірге ауыстырылған ойын бұл күні де өтпей қалған. Себеп: ұйымдастырушы жақтың техникалық базасы дайын болмауынан.
"Олар Құдайдың атымен сөйлеп, ақталды, ойынды 23-не шегеруді сұрады. Бастапқыда көнбедім, неге ұзақ болып кетті деп, біраз сөлйестік, жағдайларын айтып түсіндірді, ақыры үш күннің арасы не деп 23-не өткізетін боп шештік. Сыйлықтардың барлығы дайын екенін айтты.
Сол кезде мен түсіндім: мен үндемесем, олар ойынды ойнатпайтын сияқты болды. Ойнатса да, көп адамға белгісіз парақшада ойнатып жіберейін деп жатты. Олардың парақшалары тағы бұзылды. Осы кезде көп адам ойын ойнатылатын парақшаны таппай қалады деп, өзімнің парақшамнан тікелей эфирге шығатын боп шештім. Ойынның әділ өтуін қаладым, сондықтан өзім баратын болып шештім, сыйлықтар жеткізілгенше менде видео жазба болып сақталсын дедім", - дейді әнші.
Ернар Айдардың айтуы бойынша, ол ұйымдастыру жақ жалдаған үйге 23 сәуірде барған.
"Үй жалдапты, сыйлықтар, автокөлік барлығы орнында болды. Алайда сол автокөліктерідің су жаңа екендігіне назар аудармаппын. Түскі 3-те ұтыс басталды, сонда бір адамның нөмірі табылмай қалды. Сонда сол нөмірді сақтап, жазып қоюды тапсырдым. Содан кейін маған үй мен автокөліктерді өзіме табыстауды ұсынды. Қуаныш сыйлау деген жақсы ғой, бірден қабыл алдым.
Сыйлық ұтқан адамдарға хабарласқанымда, оларда ешқандай қуаныш сезімі болған жоқ, мүлдем эмоция болмады. Көлік пен үйді ойнатып жатқанда, ұйымдастырушы жігіттер қашып кеткен. Кенеттен үйге кіріп келген полиция қызметкерлерін көріп бастапқыда бұл пранк екен деп қалдым. Сөйтсем, алынған көліктер жалданған және олардың көлік жргізушілері екінші қабатта бір бөлмеде отыр екен. Полиция келгенде жағдайды түсіндірулерін сұрадым. Не себепті мені тұтқындамақшы екендерін білгім келді. Олар ұтыстың әділ емес, өтірік екенін айтты, карантин режимін бұзғаным үшін ұстап әкетті. Телефон, барлығын тартып алды, ешкімге хабарласа алмадым", - дейді Ернар Айдар.
Оның айтуынша, бір түн тергеуде болып, сол күннің ертесінде 28 000 теңге айыппұл төлеп шыққан.
"Мені әнші деп басымдық беріп қарған жоқ, менімен бірге ұсталған жігіттермен бір камерада түнедік. Олардан кім екендерін сұрағанда, Ерлан әдейі көмектесуге шақырған, ұтыс жайлы бейхабар болған боп шықты", - дейді ол.
Ернар Айдар бітірген мамандығы заңгер болса да, бұл тұрғыда сауаты жоқ екенін айтады.
"Қаншама ұтыс ойындары өтіп жатыр, оларды заңды тұрғыда өтіп жатыр деп айта алмаймын. Заңды білмегенімді, солардың албауына, арбауына түсіп, жарнама жасағанымды мойындаймын, кешірім сұраймын сол үшін халықтан. Тергеуде мәселенің ақ-қарасы анықтала жатар. Бірақ заң жағынан сауатсызбын", - деді әнші.
Ернар Айдар тыңдаушылары қателігін кешіреді деп сенім артады.
"Менің тыңдармандарым, жанкүйерлерім, жалпы қазақ халқы қандай отбасыдан шыққанымды, ата-анамы қалай сыйлайтынымды біледі. Қанша сөздер айтылып жатыр, бірақ ата-анама ауыр тиеді, бәрібір. "Егер солармен бірігіп, ауызжаластырып жүрген болсаң, мен өзім-ақ, сені шауып тастаймын" деді әкем. Біреуге қиянаттық жасасаң, ол кісі аямайды. Ал тыңдармандарым менің кінәсіз екенімді жүрегімен сезіп тұр, мен де оны сезіп тұрмын", - дейді әнші.
Ол алты видео үшін төленетін ақшаға қызыққанын жасырмады, одан бөлек, қатты сеніп қалғанын айтып, өкінетінін жеткізді.
"Заң жүзінде талап етілсе, ақшаны қайтарып беруге дайынмын. Мұндай қаражаттың ешқандай қажеті жоқ", - дейді әнші.
Айтуынша, осы жағдай оған қатты әсер еткен:
"Осыны ойласам, өзімді-өзім жек көріп кетем. Енді мұндай лотереяларға халық сенбейтін болады. Осындай нәрселерге халық сенбейтін болады. Менен басқалары сабақ алса екен деймін. Бұл - өтіріктің өтірігі", - деді әнші.