21.07.2020, 12:20

«Осы сөзімді халыққа жеткізіңіз!»: Мұхтар Шахановтың «беті бері қарады»

фото: Құдияр Біләлдің facebook парақшасынан
Мен дәрігер қарындасыма: "Мұхаңды жақындау жерден суретке тартып беріңізші", - деп өтініш жасадым.

Денсаулығы сыр беріп, ауруханаға жатып қалған Мұхтар Шахановтың беті бері қарады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Оның денсаулығы жайлы ақынның көмекшісі әрі орынбасары Құдияр Біләл facebook парақшасында арнайы жазба жариялады. Естеріңізге салай кетейік, кеше әлеуметтік желілерде "Мұхтар Шаханов дүниеден озыпты" деген қауесет тараған болатын. Осы орайда, ақынның халін ұдайы біліп жүрген Құдияр Біләл "өтірік ақпарды таратуды тоқтатайық!"  деп желі арқылы көпшілікке үндеу тастаған еді.

Енді міне, бүгін ақынмен тікелей тілдескенін жеткізіп отыр. 

"Қазір ғана Мұхтар Шаханов ағамызға жолығып қайттық. Аурухана қаланың сыртында. Ішке кіргізбейді. Мұхтар ағамызбен терезе сыртынан тілдестік. Жағдайы жақсы. Дәрігері: "Екі-үш күнде шығарып қаламыз", - деді. Сосын өз тілінде Мұхаң ауруының мөлшерлік деңгей көрсеткішін айтып шықты. Біз өз тарапымыздан: "Ол қанша болуы керек еді?", - деп сұрадық. Білгеніміз, Мұхаңдыкі сол қалыпты деңгей шамасында екен. Дәрігер де қазақ қой, ол да: "Әлеуметтік желіде айтылып жатқан әңгімелерді біз де естідік. Сондықтан дәрігер ретінде айтамын. Мұхтар Шахановтың жағдайы өте жақсы. Менің осы сөзімді халыққа жеткізіңіз", - деді. Мен дәрігер қарындасыма: "Мұхаңды жақындау жерден суретке тартып беріңізші", - деп өтініш жасадым. Мұхаң өзін суретке түсіретінін білгенде шашын тарақтап, реттеле бастады. Жалпы ауруханадан осындай қуанышты көңіл ауанында қайттық. Баршаңызға рақмет, тілеулес ағайын!", - деп жазды ол.