KeshYou тобының бұрынғы әншісі Элизат Берікова бүгінде жеке сұлулық салонын ашып, визажист қызметін атқарып жүр. Бизнеске бет бұрған өнер иесі шоу-бизнестен неге кеткенін НТК арнасының "Ревю" бағдарламасында айтып берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Элизаттың сөзінше, ол визажист болуды бала күнінен армандаған. Сондықтан ақша жинап, сұлулық салонын ашыпты.
"Жалпы, бұл - ақша табу көзі емес, бұл бизнесті ақша табу үшін ашқан жоқпын. Бұл бизнесті мен сүйікті ісім болғандықтан іске асырамын деп шештім", - дейді ол.
Қазіргі күні Элизат әртістер мен жұлдыздардың бетін әрлеумен айналысады. Одан бөлек, Берікованың алдына қарапайым қыз-келіншектер де бара алады. "Бәрі Instagram желісі арқылы келіп жатыр. Өтірік емес. Біреуі мені көру үшін келеді. Келіп суретке түсіп жатады. Біреу сынап келіп жатады.
Қайсы көрейінші, жақсы бояй ма екен? Қандай екен?!", - деген сияқты. Ондай кісілерді де көріп жатырмын. Естіп жатырмын. Бірақ бұл менің еңбегім", - дейді әнші.
Элизат, сонымен бірге, шоу-бизнеске қайта оралу-оралмау мәселесі туралы да сөз қозғады. Айтуынша, оның бұл салаға деген қызығушылығы жоқ.
Қазіргі сәтте, шынымды айтсам, маған әншілік бағыт қатты қызық емес болып тұр. Мүмкін алда болар. Бірақ жаңағыдай бір жылды бір клип түсіріп, бір ән жазып қойған дұрыс емес", - дейді ол.
Оның үстіне, KeshYou-ден кеткелі Элизат продюсерсіз өнер көрсету қиынға соққанын жасырмайды. Әнші Баян Мақсатқызының қадірін енді түсінгенін айтады.
"Студияда әнді дұрыс айта алмай қалған кездерде Бағым Мақсатқызы: "Сенің аузыңа шайнап беріп тұрған нәрсені неге жұта алмай тұрсың", - деп ұрсатын. Бірақ қазір қарап тұрсаң шынымен де айтылған нәрсе екен", - дейді KeshYou-дің бұрынғы солисі.
Айта кету керек, Элизат сондай-ақ, соңғы кездері актриса ретінде де танылып жүр. Берікова толықметрлі картиналарға ғана емес, телехикаяларға да шақыртулар алып отырады. Бірақ, өнер иесі ұсынылған әр рөлді күйеуімен талқылайтынын жеткізді.
"Ол қандай сахналар бар, "Сүйісетін, құшақтасатын сахналар жоқ па" деп міндетті түрде сұрайды. Қазір басында сұрап алатын болдым күйеуіме айтпай жатып", - дейді әнші.