31.10.2022, 15:40

«Он жыл тоймен күн көрдім»: Нұржан Қалжан сахнадан неге көрінбей кеткенін айтты (ВИДЕО)

Фото: instagram.com/nurzhan_halzhan
Өте қатты депрессияға ұшырадым. Кейде жеке өзім қалғанда көзіме жас келген сәттер болды.

Кезінде ерекше дауысымен көпшілікті таңғалдырған отандық әнші Нұржан Қалжан сахнадан көрінбей кетті. Өнер әлемінен он жылға алыстаған әнші бұл құпиясының себебін "1001 түн" бағдарламасында айтып берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ. 

Он жыл бойы жаңа ән жазбаған әншінің сахнаға оралуына қызының бір ауыз сөзі себеп болған.

"Ән жазбай кеткен болатынмын. Қызым бір күні көк жәшіктен менің ән айтқанымды көріп, "Әке сізді көрсетіп жатыр" дейді. "Әке, неге жаңа ән жазбайсыз? Мен сіздің жаңа әндеріңізді сағындым" деді. Сол бір ауыз сөз жүрегіме қатты батты. Содан "Неге шынымен жаңа ән жазбаймын" деп ойға қалдым. "Қызым сағынып жатқанда, тыңдармандарымның іздейтіні түсінікті" дедім де, бірден студияға тарттым. Сол жерде "Өмір сыры" деген жаңа ән жаздым.

Маған сұраныс жақсы болды. Сахнаға шықпай, ән жазбай кетсем де, он жыл тойға баруымды тоқтатпадым. Мені шақырып жүрді. Ол енді сұраныс бар болғандықтан ғой. Менде басқа күнкөріс көзі болмады. Сондықтан тоймен күн көрдім, тоймен өмір сүрдім.

Сахнаға сағыныш болды. Өте қатты депрессияға ұшырадым. Кейде жеке өзім қалғанда көзіме жас келген сәттер болды. "Неге? Қалай?" деген сауалдар болды", - деп ағынан жарылды әнші.