28.03.2023, 07:30

Қызылордада жаппай төбелес болды

Фото: NewTimes.kz
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында патрульдік полиция мен учаскелік инспекторлардың нарядтары күшейтілген.

Қызылорда облысында көшедегі төбелестен кейін полиция бөліміне 8 адам жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оқиға 26 наурызда сағат 2.00 шамасында Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кенті Пірімов көшесінің бойында болды. Полиция бөліміне ер азаматтардың айқай-шу шығарып, бұзақылық жатқандығы туралы хабарлама түскен.

«Төбелеске қатысты деген 8 адам полиция бөліміне жеткізілді. Оқиға бойынша қалған азаматтарды анықтау бағытында тиісті шаралар жүргізілуде. Зардап шеккендер жоқ. Полицияға шағым түскен жоқ», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция басқармасынан.

Ведомство мәліметінше,бұл бойынша тергеу әрекеті жүргізілуде. Аудан аумағында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында патрульдік полиция мен учаскелік инспекторлардың нарядтары күшейтілген.