Су жаңа Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов өзінің Facebook парақшасында осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
“AMANAT” партиясынан Мәжіліске өткен айтыскер ақын Ринат Зайытов саясаттанушылардың шала болжамдары мен негізсіз айыптарына іспен жауап беретінін айтып, халықтан да депутаттарды ісіне қарап талқылауды сұрады.
“Армысыздар, туысқандар! Бүгін ресми Парламент Мәжілісінің депутаты атандым. Әуелі Жаратушының, сонан соң халықтың қолдауы. Ендігі кезекте сол сенімді ақтау керек. Бұйырса, алдағы уақытта әлеуметтік желіде әрбір қадамымды халыққа хабарлап жасайтыным анық. Саясаттанушысымақтардың айтып жатқан шала болжамдары мен негізсіз айыптарына тек іспен жауап берейін!
Ескерте кететін бір нәрсе бар, жаңа Парламент бір күнде жаңа мемлекет орнатпайды. Сондықтан кез келген депутатты жасаған жұмысына қарап талқылауларыңызды сұраймын. Егер бізге айтар ұсыныстарыңыз болса, түсінікті тілде жазып, жолдап отырыңыздар. Құттықтауларыңыз емес, тілектеріңізге мұқтажбын. Сәттілік тілесеңіздер, бақыттымын. Жан-жағыма қарасам, жалғыз емес сияқтымын. Жаратушы жар болғай!” – деп жазды ол.
Сонымен қатар ол желідегі жеке парақшасында депутаттық мандатының және төсбелгісінің суретімен бөлісті.