Астана қаласының Есіл аудандық соты Анатолий Шкарупаның Қаржы министрлігінен моральдық залал өтемақысын өндіріп алу туралы азаматтық істі қарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Астана соттарының Facebook парақшасында жарияланған мәліметке сәйкес, талапкер сот үкімімен қылмыс жасауға қатысқаны дәлелденбеуіне байланысты кінәсіз деп танылған.
Сонымен қатар аталған үкімде ақталған талапкердің қылмыстық істі жүргізген органның заңсыз іс-әрекетінен келген зиянды өндріп алу құқығы көрсетілген.
А.Шкарупаны 2018 жылы Бас прокуратураның жедел тергеу тобы ұстап, тергеу сотының санкциясымен тергеу изоляторына қамаған еді.
2021 жылдың 26 қаңтарында Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық соты А.Шкарупаны Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-тармағы 2-тармақшасында көделген қылмысты жасауға кінәлі емес деп танып, қылмыстық құқық бұзушылықтың болмауына байланысты ақтаған.
Сол жылы ақпанда Қарағанды облыстық қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы бірінші саты үкімін өзгеріссіз қалдырды.
«Сот талапты жартылай қанағаттандырды. Қаржы министрлігінен 10 млн теңге мөлшерінде моральдық зиян өтемақысы өндіріп алынады», - делінген таратылған ақпаратта.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.