Соңғы ақпараттарға сәйкес, Бішкектегі Boeing-747 жүк тасымалдаушы ұшағының апатынан 32 адам қайтыс болды. Әуе көлігі Бішкек іргесіндегі саяжайлардың біріне құлаған деп жазады Zanoza.kg.
Апат салдарынан 15 үй қирап қалыпты. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар өртті ауыздықтады дейді ТЖМ.
Жедел жәрдем станциясы жараланған бес адамға көмек көрсеткені белгілі болды. Олардың үшеуі кішкентай балалар. Бәрінің де денелерін күйік шалған. Жараланғандар қазір Бішкектегі ауруханалардың біріне жеткізілді.
Ал, қаза тапқан ұшқыштың денесі табылып, оны да мамандар мәйітханаға жеткізген. Шұғыл медициналық көмек көрсету жұмыстарының басы-қасында Денсаулық сақтау министрі Талантбек Батыралиевтің өзі жүр.
Белгілі болғандай, апатқа ұшыраған ұшақ Гонконгтан Стамбұлға бет алған екен. Жанармай құю үшін Бішкектегі әуежайға қонуды жоспарлаған.