Елімізде жол апаты оқиғаларының азаюы байқалады. Дегенмен жекелеген өңірлерде аталған проблема әлі де өзекті. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова бүгін баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Биыл 5 айдың қорытындысы бойынша елімізде жол апаттары санының төмендеуі байқалады. Бірақ, соған қарамастан жекелеген өңірлердегі жағдай алаңдатарлық күйде қалып отыр. Күн сайын ел жолдарында 10-ға дейін адам қаза тауып, 70-ке жуық адам түрлі дене жарақаттарын алады. Бұл статистика көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің жол ережелері талаптарына немқұрайлы қарайтындығын көрсетеді», - деді ол.
Ведомство өкілінің мәліметінше, жол бойын белгіленбеген жерден кесіп өту, жолақтан шығып кету, жылдамдықты арттыру, маневр жасау ережелерін сақтамаудың арты қайғыға әкеп жатады.
«Өкінішке қарай, республикалық маңызы бар жолдар бойындағы апат салдарынан болатын өлім-жітім тоқтамай тұр. Жол апатынан болатын өлім-жітімнің 48% республикалық жолдарға тиесілі. Басқаша айтқанда, 666 жол апатының 318-і қайғылы жағдаймен аяқталып жатады», - дейді ол.