15.06.2023, 10:40

Шымкенттің екі тұрғыны әлеуметтік желі арқылы терроризм идеологиясын насихаттаған

Фото: pixabay
Ұлттық қауіпсіздік қызметі 2023 жылдың басынан бері террористік сипаттағы қылмыстарды жасады деген күдікпен еліміздің 31 тұрғынын және шетел азаматын ұстаған.

15 маусымда ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі Zakon.kz сайтына халықаралық терроризм мен діни экстремизмге қарсы күрес жұмыстары туралы айтып берді.

Ведомствоның мәліметінше, Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық соты Шымкент қаласының 2 тұрғынын 7 жылға бас бостандығынан айыруға жазалады: олар халықаралық террористік ұйымдар уағызшыларының ықпалына түскен.

"Тергеу барысында олардың әлеуметтік желілер арқылы терроризм идеологиясын насихаттағандары, сонымен қатар террористік тұрғыдан белсенді аймақтарға жету үшін шетелдік содырлармен байланыс орнатпақ болғаны анықталды",- делінген ҚР ҰҚК баспасөз қызметінің хабарламасында. 

Олардың кінәсі куәгерлердің жауабымен, заттай айғақтармен және өзге де материалдармен толық дәлелденген.

Сондай-ақ Атырау облысының тұрғыны "Т"-ға қатысты терроризмді насихаттау фактісі бойынша 5 жылға бас бостандығынан айыру туралы Атырау қаласының №2 сотының үкімі заңды күшіне енді.

"Тергеу барысында оның белсенді түрде дін ұстанушылар арасында радикалды идеологияны таратқаны және еліміздің азаматтарына қатысты зорлық іс-әрекеттер жасауға үгіттегені дәлелденді", - ҚР ҰҚК баспасөз қызметі.

Ұлттық қауіпсіздік қызметі 2023 жылдың басынан бері террористік сипаттағы қылмыстарды жасады деген күдікпен еліміздің 31 тұрғынын және шетел азаматын ұстаған.

Осы кезеңде сот органдары аталған фактілер бойынша тағы да 10 адамды әртүрлі мерзімдерге бас бостандығынан айырған.