29.06.2023, 10:20

Павлодарда жоғалып кеткен зейнеткер өлі күйінде табылды

Фото: Vita еріктілер парақшасы
83 жастағы зейнеткердің денесі саяжайдан табылған.

Павлодарда жоғалып кеткен зейнеткер өлі күйінде табылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Туған-туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз. Сараптама өткізгеннен кейін оқиғаның мән-жайы анықталады. Зорлық-зомбылық белгілері жоқ.  Бәлкім, оқыс жағдай болуы, ағаштан құлап кетуі немесе денсаулығы сыр беруі мүмкін. Нақты себебін білмейміз», – дейді Vita еріктілері.

Еске сала кетейік, 1940 жылы туған зейнеткердің жоғалып кеткені туралы хабарлама 26 маусымда түскен. 

Қанатбек Жабықбаев күнде «Металлург» бағбаншылығына саяжайға барып жүрген, алайда шамамен сағат кешкі 6-да телефон қоңырауына жауап бермеген соң туыстары алаңдай бастаған.

VITA еріктілері, полиция қызметкерлері, жедел әрекет ету жасағы, туыстары, отбасы, достары мен белсенді тұрғындар жоғалған қарияны іздестірді.