Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза Президент қол қойған «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұл Заңның басты екі ерекшелігі (мен үшін), ол кезінде жасалған қылмыстар мен жемқорлықтардың уақытының өту мерзімінің болмауы. Яғни орысша айтсақ «срока давности нет». Мысалы, адам 1992 жылы жасаған қылмысы үшін 2042 жылы жауапқа тартылады дегендей.
Екіншісі, бұл Заң кейбір адамдар ойлағандай «легализация» емес. Ұрланған қаражаттың 20-30% беріп, қалғанын өзінде қалдырады деген болмайды. Ұрланған мүлік толықтай мемлекет бюджетіне қайтарылады.
Басты жеңілдік – егер адам өз еркімен ұрланған мүлікті, қаражатты, активтерді қайтарса, ол адам қылмыстық істен босатылады. Ал егер күдіктінің сөзі мен комиссияның нәтижесі сәйкес келмесе, ол адам толықтай жазаға тартылады, - деп жазды депутат өзінің facebook-парақшасында.