28.07.2023, 14:40

Баланы мектепке дайындау үшін кімдерге 40 567 теңге беріледі

© Sputnik / Абзал Калиев
Ақша ата-аналардың шотына аударылады.

Биыл халықтың әлеуметтік осал топтарынан 400 мыңнан астам бала материалдық көмекпен қамтылады. Ата-аналар мемлекеттен берілетін ақшаға мектеп формасы мен оқуға қажетті құрал-жабдықтарды өздері таңдап сатып ала алады.

Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратынша, биыл әр оқушыға киім, оқу құралдарын сатып алуға арналған қаражаттың ең төменгі мөлшері – 40 567 теңге. Ақша ата-аналардың шотына аударылады.

Қаражат ата-аналарға балалармен бірге мектеп формасын, аяқ киімді, кеңсе тауарларын өздері таңдап алу үшін беріледі. Қабылданған өзгерістер ата - аналар мен балаларға жеткізушілерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді, - дейді Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан.

Мұқтаж отбасыларға материалдық көмек көрсету және балаларды 100% қамтамасыз ету үшін жалпыға бірдей міндетті орта білім беру қоры жұмыс істейді.

"Жалпыға бірдей оқыту" қоры мына балаларға қаржылай көмек көрсетеді:

атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққан балаларға;

жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балаларға;

жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;

төтенше жағдайға тап болған оқушыларға (соның ішінде Абай облысында өрттен қаза тапқан орманшылардың балалары да бар).

Еске салсақ, былтыр мектеп жиынтығын сатып алу сомасы 17 мың теңгеден басталған болатын.