Бұл туралы Facebook-тегі парақшасында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қадірлі әріптестер! "URKER" ұлттық бәйгесіне өтініш қабылдау басталды.
Баспа, радио және интернет-журналистика саласындағы үздіктерді анықтайтын байқауға биыл жаңа 2 аталым қосылды. Енді әріптестеріміз "Үздік подкаст", "Үздік YouTube арнасы" номинациялары бойынша бақ сынай алады. Ал "Жылдың үздік журналистік зерттеуі" аталымы белгілі қаламгер, көрнекті көсемсөз шебері, қазақ спорт журналистикасының негізін қалаушы Сейдахмет Бердіқұловтың атымен аталмақ. Шеттегі қандастарымыз да алғаш рет "Үздік халықаралық БАҚ" аталымы бойынша бәйгеге қатыса алады. Сондай-ақ "Жылдың үздік сұхбаты", "Жылдың үздік репортажы", "Әлеуметтік тақырыптағы үздік материал", "Жылдың үздік аналитикалық материалы", "Жылдың үздік жаңалықтар порталы", "Радиостанциядағы үздік жоба", "Жылдың үздік фотосуреті", "Үздік өңірлік БАҚ" бойынша өтініш қабылданады, - делінген жазбада.
Өтінім қабылдау 2023 жылғы 9 тамыздан бастап 4 қыркүйекке дейін жалғасады.