Жаңа оқу жылы басталатын күн жақындаған сайын дайындық та қыза түсті. Қажетті киім-кешек пен оқу құралдарын қай жерден сатып аламын десеңіз де таңдау өзіңізде. Ал, бір бала мектепке дайын болып бару үшін қанша қаржы қажет? Бұл саулдың жауабын табу үшін ҚазАқпарат тілшісі халық ең көп баратын мектеп жәрмеңкесіне, базар мен ірі сауда дүкендеріне барып, бағаларын біліп қайтты.
Сонымен, Алматының «Көк базарындағы» оқу-құралдары мен мектеп формасының құнына тоқталсақ. Қыз балаға арналған ақ кофтаның арзаны 6000 теңгеге бағаланса, сапасы жақсырағы 10 мың теңгеден жоғары. Белдемше – 7000 теңге, кеудеше – 8500 теңге, шашқа тағатын ақ бантиктің екі данасы – 2000 теңге, туфли – 15 000 теңге, спорттық аяқ киім – 12 500 теңге, ақ футболка – 3000 теңге, спорттық шалбар – 6000 теңге (дене шынықтыру сабағына), ақ колготки – 3500 теңгеден сатылып жатыр. Орташа бағада алған күнің өзінде бір балаға кем дегенде 68 мың теңге қажет. Ұл баланың киімі сәл арзанға түседі.
Бұл – базардағы баға. Ал енді кейбір киім дүкендерімен салыстыратын болсақ, мектеп формасы анағұрлым қымбатқа шығады. Мәселен, ол жерлерде ақ көйлек 16 000 теңгеден, белдемше өлшеміне қарай 14-18 мың теңге аралығында, пиджак – 23000-25000 теңге, шалбар 15 мың теңгеден жоғары, ұлдарға арналған костюм-шалбар (бастауыш сынып) 32-35 мың теңге. Туфлидің бағасына келер болсақ, қыздарға 27000-нан, ұлдарға 19000 теңгеден сатылып жатыр.
Балаларға қажет киім-кешектен бөлек, оқу құралдарының бағаларын анықтадық. 12 беттік дәптер – 20-35 теңге, күнделік – 1000 теңге, желім – 350 теңге, өшіргіш – 260 теңге, ұштағыш – 200-400 теңге, қарындаш – 50-150 теңге, қалам – 165 -1035 теңге, түрлі-түсті қарындаш 800-1500 теңге, сызғыш – 150-ден, сурет дәптер – 1000 теңге, пенал 800 – 4500 теңге, дәптер мен кітап қаптарының 10 данасы – кем дегенде 1500 теңге, рюкзак – 5500 теңгеден басталады.
Ата-аналардың айтуынша, әр жерде ұйымдастырылып жатқан мектеп жәрмеңкелеріндегі тауарлардың бағасы арзан болғанымен, сапасы өте төмен. Сондықтан, көпшілік қалтасы көтеретін, сапасы орташа тауарды алуға тырысады.
Ал, саудагерлер былтырғымен салыстырғанда оқу құралдарының құны 30 пайызға, мектеп формасы 40-45%-ға дейін көтерілгендігін айтты.